ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Беларусь Республикасы көлік және коммуникация министрінің орынбасары Сергей Дубинамен кездесу өткізді. Оның барысында қос елдің көлік саласындағы ынтымақтастығы жан-жақты талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар тұрақты әуе рейстерінің санын ұлғайту, автомобильмен жүк тасымалдауға рұқсат бланкілерін айырбастау, сондай-ақ теміржол көлігін дамыту мәселелерін қарастырды.
Кездесу барысында «Біріккен көліктік-логистикалық компаниясы - «Еуразиялық теміржол альянсы» АҚ аясында Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша теміржол көлігімен экспорттық-импорттық және транзиттік контейнерлік тасымалдау арқылы Қазақстан мен Беларуссия арасындағы жүк тасымалдаудың оң динамикасы атап өтілді.
Бұдан бөлек, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-да тараптар ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салды.
Сондай-ақ, тараптар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-да теміржол әкімшіліктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Анықтамалық:
2021 жылдың 5 айында Қазақстан мен Беларуссия арасындағы экспорттық және импорттық жүктердің көлемі 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен астамға артып, 1,5 миллион тоннаны құрады.
Қазақстанда теміржол көлігімен транзиттік жүк тасымалдау көлемі 39%-ға артып, 143,74 мың тоннадан асты.
«Біріккен көліктік-логистикалық компаниясы - «Еуразиялық теміржол альянсы» АҚ шеңберінде жүк тасымалдау 70%-ға артып, шамамен 265 мың ЖФЭ құрады.