Автобус тасымалдарын дамыту мәселелері әр өңір үшін жеке-жеке шешіледі

Автобус тасымалдарын дамыту мәселелері әр өңір үшін жеке-жеке шешіледі

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен бейнеконференция режимінде өткен кеңейтілген кеңеске қатысушылар қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешенін, автобус тасымалдарының жай-күйі мен проблемалық мәселелерін талқылады.

ҚР ИИДМ бастамасымен ұйымдастырылған жиын барысында жергілікті атқарушы органдардың автобус тасымалының жай-күйі туралы ақпараты тыңдалды. Автокөлік қауымдастықтарының, "Атамекен" ҰКП-ның, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары талқыланды.

Жергілікті жерлердегі жағдайды толық зерттеу және қажетті шаралар қабылдау үшін "Атамекен" ҰКП және автокөлік қауымдастықтарымен бірлесіп, өңірлерге бару туралы шешім қабылданды.

Бейнеконференция режимінде өткен кеңес жұмысына орталық және жергілікті атқарушы органдардың, "Атамекен" ҰКП, "Казлогистикс" СТК, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ және автокөлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Анықтама үшін:

2020 жылғы 25 қарашада қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Ол субсидиялауды қамтамасыз ету, қалалық автобустарды жаңарту, электрондық билет жүйесін енгізу, мемлекеттің қатысуымен автобус кәсіпорындарын құруды шектеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

2020 жылы автобустар сатып алуға 23,7 млрд. теңге бөлінді. 6 өңірде (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстары) 925 автобус сатып алынды.

2021 жылы бұл мақсатқа 21,5 млрд.теңге жоспарланып отыр. Екі өңірге (Алматы қаласы және Қарағанды облысы) 236 автобус жеткізу жоспарланып отыр.

2020 жылы өңірлерде қалалық бағдарларды субсидиялау үшін 46,4 млрд. теңге бөлінді.

Оның 80% Алматы (23,2 млрд.теңге), Нұр-Сұлтан (8,1 млрд.) және Шымкент (5,7 млрд.) қалаларына тиесілі.

Биыл өңірлерде шамамен 57,7 млрд. теңгені субсидиялауға бөлу көзделген.

2 өңірде (Алматы және Ақтөбе облыстары) қалалық бағдарларды субсидиялауға қаражат жоспарланбаған.