Теміржол көлігімен экспорттық тасымалдар көлемі 7,1%-ға артты

Теміржол көлігімен экспорттық тасымалдар көлемі 7,1%-ға артты

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 241,7 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға артты (233,7 млн тонна).

Оң динамиканың факторларының бірі экспорттық тасымал көлемінің артуы болды. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында теміржол арқылы экспортқа 69,4 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға жоғары. Ол кезде экспорттық тасымал көлемі 64,8 млн тоннаны құраған.

Экспорттық тасымалдардың өсімі темір кені, астық, тыңайтқыштар, көмір, құрылыс жүктері және басқа да өнім түрлерінің тасымалдау көлемінің артуына байланысты қамтамасыз етілді.

Темір кенін тасымалдау бойынша айтарлықтай өсім тіркелді. Оның экспорттық тасымалдау көлемі 10,1 млн тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1%-ға артты.

Астықтың экспорттық тасымалы 17,6%-ға өсіп, 8,3 млн тоннаны құрады. Негізгі өсім Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға және Қытайға бағытталған тасымалдар бойынша байқалды.

Сонымен қатар экспортқа 1,2 млн тонна тыңайтқыш тасымалданды, бұл өткен жылдың деңгейінен 9%-ға жоғары. Өсім Беларусь, Бразилия, Өзбекстан, Болгария және Ауғанстанға жөнелтілімдер көлемінің артуына байланысты болды.

Көмірдің экспорттық тасымалдау көлемі 25,8 млн тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға артты.