
Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Елшісінің шақыруымен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлеубаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға арналған іс-шараға қатысты.
Кездесуде екі ел арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында аптасына 70 рейс орындалады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Ұшу бағыттарының географиясы да кеңейіп келеді. Тікелей әуе қатынасы ірі қалалармен ғана емес, екі елдің өңірлері арасында да дамып жатыр. Биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағыны 30%-дан аса өсті.
Биыл Қазақстан мен Өзбекстан өңірлерін байланыстыратын жаңа әуе бағыттары ашылды. Атап айтқанда, Атырау, Орал, Қостанай және Ақтөбе қалаларынан Ташкентке, сондай-ақ Алматыдан Самарқанд пен Үргенішке тікелей әуе қатынасы іске қосылды.
Көлік байланысының кеңеюі жаңа туристік бағыттарды қалыптастыруға, екі ел арасындағы өзара сапарлар санын арттыруға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.