Астанада авиация саласын дамытуға қаржыландыру мәселелері талқыланды

Астанада авиация саласын дамытуға қаржыландыру мәселелері талқыланды

Астанада IX халықаралық Astana Finance Days 2026 қаржы форумы аясында «Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландырудың ашылмаған әлеуеті» тақырыбында сессия өтті.

Іс-шараға авиация және қаржы салаларының өкілдері, халықаралық ұйымдар, банк секторы мен инвестициялық компаниялардың сарапшылары қатысты.

Сессияның ашылуында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева және AIFC Authority Басқарма төрағасы Бахтияр Тлеубеков сөз сөйледі.

Сессия жұмысына Қазақстан авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел, JanaPort және Jupiter Jet компанияларының акционері Қанат Көпбаев, Air Astana тобының Бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел, «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ Бас директоры Меруерт Жолдыбаева, СЕО VIETJET QAZAQSTAN Әділбек Умралиев және басқа да халықаралық сарапшылар қатысты.

Салтанат Томпиева өз сөзінде Қазақстанның авиация саласының қарқынды дамып келе жатқанын және халықаралық әуе қатынасын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

«Қазақстан – өңірдегі авиациялық көшбасшы және Орталық Азияның жаһандық логистикалық жүйесіндегі маңызды буын. Ұшқышсыз әуе кемелері бағытында да алғашқы нәтижелер бар. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес реттеуші нормаларды жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз. Біздің басымдықтарымыз – авиацияны дамыту, АХҚО базасында авиациялық қаржы хабын қалыптастыру және қаржы институттарымен өзара іс-қимылды нығайту», – деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

Сессия барысында сарапшылар авиация саласын қаржыландыруды дамытудың перспективаларын, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту және әуе кемелері паркін жаңарту мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиацияның одан әрі өсуін қамтамасыз ететін тиімді қаржы нарығын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Әуежай инфрақұрылымын қаржыландыру тетіктерін одан әрі дамытуға және заманауи қаржы құралдарын енгізуге ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Орталық Азия авиациялық нарығының жоғары әлеуеті атап өтілді. Халықтың мобильділігінің артуы, іскерлік байланыстардың, туризм мен сауданың дамуы әуе тасымалдарына тұрақты сұраныс қалыптастырып, авиация саласына инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Astana Finance Days 2026 аясында өткен сессия авиация және қаржы секторлары арасындағы диалог үшін маңызды алаңға айналып, Қазақстан мен Орталық Азияның азаматтық авиациясын дамытуға капитал тартудың жаңа тетіктерін талқылауға мүмкіндік берді.