Ақтөбеде жаңартылған теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Ақтөбеде жаңартылған теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Ақтөбе облысында Ақтөбе теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ресмиа шылу «Қазақстан» телерадиокорпорациясының алаңында өткен жалпыұлттық онлайн-марафон аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.

Жаңартылған вокзал кешені заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушылар үшін кең әрі жайлы бола түсті. Жөндеу жұмыстары барысында қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасына ерекше көңіл бөлінді.

Ақтөбе теміржол вокзалы 1976 жылы салынған. Қайта жаңғырту нәтижесінде оның жалпы ауданы 142,5 шаршы метрге ұлғайтылып, 7 235 шаршы метрден 7 377,5 шаршы метрге жетті. Вокзал кешені жертөле мен техникалық қабаттарды қоса алғанда, жалпы биіктігі 23,7 метр болатын алты қабатты ғимараттан тұрады.

Реконструкция барысында ғимараттың қасбетімен шатыры, ішкі бөлмелері мен инженерлік жүйелері жаңартылды. Сонымен қатар іргелес аумақ абаттандырылып, перрон инфрақұрылымы жаңғыртылды.

Кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Ғимаратта барлық санаттағы жолаушылардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қабаттар арасында ыңғайлы қозғалуын және вокзалдың негізгі аймақтарына қолжетімділігін қамтамасыз ететін лифтілер мен эскалаторлар орнатылды.

Сонымен қатар вокзалдың кіреберісі, кассалар аймағы, күту залдары және санитарлық бөлмелер жаңартылды. Жолаушылардың перронға ыңғайлы әрі қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілді.

Жоба аясында кәріз, су, жылу, электрмен жабдықтау және әлсіз токты желілерді қоса алғанда, инженерлік жүйелер кешенді түрде жаңғыртылды. Жолаушылардың вокзалда жайлы болуын қамтамасыз ету үшін қажетті жиһаздар мен жабдықтар орнатылды. Реконструкция барысында отандық өндірісте шығарылған материалдар пайдаланылды.

📌Ақтөбе вокзалы санаттан тыс вокзалға жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 4 724 адамды құрайды. Станция арқылы Ақтөбені Астана, Алматы, Орал, Маңғыстау, Бейнеу, Тараз, Шу, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Көкшетау, Қостанай, Бурабай курорты және Атырау қалаларымен байланыстыратын 34 жолаушылар пойызы өтеді. Сонымен қатар вокзал Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға қатынайтын халықаралық бағыттарға қызмет көрсетеді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар мен теміржол саласы қызметкерлері үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ өңірдегі көлік инфрақұрылымының негізгі нысандарының бірі — вокзалдың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған.