
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
Реконструкция аясында ұшу-қону жолағы жаңартылып, ені 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Бұл заманауи әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігін арттырып, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгін Павлодар әуежайының қайта жаңғыртылған ұшу-қону жолағынан кейінгі алғашқы әуе рейсі Астана – Павлодар – Астана бағыты бойынша орындалды. Рейстің іске қосылуына арналған іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Максат Калиакпаров пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.
Рейстерді Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы орындайды.
Бір бағыттағы әуе билетінің құны 15 000 теңгені құрайды.
Аталған бағыт бойынша әуе билеттерін сату 2026 жылғы тамыз айының бірінші жартысынан бастап жүзеге асырылуда.
1 қыркүйектен бастап коммерциялық әуе рейстерін іске қосу жоспарлануда. FlyArystan әуе компаниясы Павлодар – Алматы – Павлодар бағыты бойынша күнделікті рейстерді қайта жандандырады.
Халықаралық әуе қатынасы бойынша 1 қыркүйектен бастап «Сибирь» әуе компаниясы Павлодар – Новосибирск бағыты бойынша аптасына 7 рет әуе рейсін орындауды жоспарлап отыр.