Көлік министрлігі «Сырым» өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарына бақылауды күшейтті

Көлік министрлігі «Сырым» өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарына бақылауды күшейтті

Көлік министрлігінің басшылығы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан–Ресей шекарасындағы «Сырым» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарының қарқынын тексерді. Бұл – екі ел арасындағы ең ірі жүк өткізу бекеттерінің бірі әрі халықаралық автомобиль дәлізінің маңызды буыны.

Жұмыстар Мемлекет басшысының шекарадағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою және елдің транзиттік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде. Жалпы, Қазақстанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен шекарада орналасқан 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту бағдарламасы іске асырылуда.

Тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымға және жауапты қызметтерге қажетті техника, жұмыс күші мен құрылыс материалдарының жеткілікті көлемін қамтамасыз ету тапсырылды. Нақты міндет қойылды – сапа мен қауіпсіздік талаптарын төмендетпей, өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау. Жұмыстардың орындалу барысы, бекітілген кестенің сақталуы және аралық кезеңдердің орындалуы Көлік министрлігінің ерекше бақылауына алынды.

Сонымен қатар, шекараға кіреберіс жолдардағы жүк көліктерінің қозғалысын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.  Жүк көліктерінің шоғырлануын болдырмау және шекарадан өту уақытын қысқарту мақсатында өткізу пунктін, кірме жол инфрақұрылымын және күту аймағын салу жұмыстарын өзара үйлестіру міндеті қойылды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың түпкі нәтижесі ретінде шекараның өткізу қабілетін арттыру, күту уақытын қысқарту және тасымалдаушылар мен азаматтар үшін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру көзделген.