Ақмола облысында тағы бес теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды

Ақмола облысында тағы бес теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды

Ақмола облысында Ерейментау, Державин, Өлеңті, Еркіншілік және Жалтыр теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.

Ерейментау станциясы вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты. Ол өз сөзінде вокзалдарды қайта жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жоба көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған.

Қайта жаңғыртудан кейін Ерейментау станциясы вокзалының аумағы 380 шаршы метрден 430,57 шаршы метрге дейін ұлғайды. 3-санаттағы вокзал тәулігіне орта есеппен 225 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Өскемен, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау бағыттарымен қатынайтын 18 жолаушылар пойызы өтеді.

Айта кету керек, Ерейментау, Өлеңті және Еркіншілік вокзалдарында ескі ғимараттар толықтай бұзылып, олардың орнына заманауи жолаушылар кешендері салынды. Ал Державин және Жалтыр вокзалдарында қолданыстағы ғимараттарға реконструкция жүргізілді.

Барлық нысандарда кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды, жаңа жиһаздар мен заманауи технологиялық жабдықтар орнатылды. Құрылыс барысында отандық өндірістің ұзақ мерзімді әрі өрт қауіпсіздігі талаптарына сай материалдары пайдаланылды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары қарастырылды. Теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Өлеңті, Ерейментау, Еркіншілік және Жалтыр вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған пандустар орнатылды.

1960 жылы салынған Державин станциясының теміржол вокзалы реконструкциядан кейін жалпы алаңы 225,33 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимаратқа айналды. Станция арқылы Астана, Қостанай және Арқалық бағыттарымен қатынайтын алты жолаушылар пойызы өтеді.

1952 жылы пайдалануға берілген Өлеңті станциясының вокзалы реконструкцияланып, ғимараттың аумағы 211 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Станция арқылы елді мекенді Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Түркістан және Маңғыстау бағыттарымен байланыстыратын сегіз жолаушылар пойызы өтеді.

1960 жылы салынған Еркіншілік станциясының вокзалы да толық жаңартылды. Ғимараттың аумағы 195,8 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Станция арқылы Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Семей, Түркістан және Шымкент қалаларымен байланыстыратын он жолаушылар пойызы өтеді.

Жалтыр вокзалында ғимараттың аумағы 370 шаршы метрден 442,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. 1958 жылы салынған бір қабатты вокзал отандық өндірістің заманауи құрылыс шешімдері мен материалдарын қолдану арқылы толық жаңартылды. Реконструкциядан кейін 2-санаттағы вокзал қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Станция арқылы күн сайын Астана, Арқалық және Атбасар бағыттарымен қатынайтын алты жолаушылар пойызы өтеді.