
Ақмола облысында Аршалы және Сарыоба станцияларының теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан өтті. Жұмыстар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, сондай-ақ көлік саласы нысандарында заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Қайта жаңғырту барысында екі вокзалда да шатыр орнату, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері жаңғыртылды. Вокзал маңындағы аумақ абаттандырылып, жолаушылар перроны қайта жаңартылды. Сондай-ақ вокзалдар заманауи жиһаздармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ғимараттардың қасбеттері талшықты цемент панельдерімен қапталып, ішкі әрлеу жұмыстарына отандық өндірістің ұзақ мерзімге төзімді, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және күтімі жеңіл материалдар қолданылды. Қауіпсіздік пен қолжетімділік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді: өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық шығу жолдары жабдықталды, сондай-ақ Аршалы станциясының вокзалында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус орнатылды.
1945 жылы салынған Аршалы станциясы вокзалының аумағы 150 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайды. Станция арқылы Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, сондай-ақ Ресей Федерациясымен байланысты қамтамасыз ететін 10 жолаушылар пойызы қатынайды.
1938 жылы салынған Сарыоба станциясы вокзалының да аумағы 208,7 шаршы метрден 225,33 шаршы метрге дейін ұлғайды. Станция арқылы елді мекенді Астана, Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Семей және Түркістанмен байланыстыратын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Аршалы және Сарыоба теміржол вокзалдары қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық бойынша заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.