ҚазжолҒЗИ Польша ұйымдарымен көпірлерді цифрлық жобалау бағытындағы бірлескен жобаларды іске қосады

ҚазжолҒЗИ Польша ұйымдарымен көпірлерді цифрлық жобалау бағытындағы бірлескен жобаларды іске қосады

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ көпір саласын жобалау, цифрландыру және нормативтік-техникалық базаны дамыту бағытында Польшаның жетекші салалық ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. Қол жеткізілген жаңа келісімдер заманауи инженерлік шешімдерді енгізуге және Қазақстандағы көпір инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бағытталған.

Халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі Instytut Badawczy Dróg i Mostów – Польшаның Автомобиль жолдары мен көпірлер ғылыми-зерттеу институтымен әріптестікті дамыту болмақ. Тараптар Қазақстанның климаттық, геологиялық және пайдалану ерекшеліктерін ескере отырып, көпір құрылыстарының типтік конструкцияларын қолдану бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді, пилоттық жобаларды бірлесіп іске асыруды және нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеуді жоспарлап отыр.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты көпір құрылыстарын жобалауға маманданған Mosty Gdańsk Sp. z o.o. компаниясымен меморандумға қол қою болды. Тараптар BIM-технологияларын енгізу, цифрлық модельдер әзірлеу, көпірлерді жобалау және техникалық-сараптамалық қолдау көрсету бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Жобалау жұмыстарының барлық кезеңдерінде ақпараттық модельдеу (BIM) технологияларын қолдануға ерекше назар аударылады. Цифрлық модельдерді пайдалану жобалық шешімдердің сапасын арттыруға, жобалау құжаттамасын әзірлеу кезеңінде қателіктердің туындау ықтималдығын азайтуға, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тараптар көпірлердің техникалық жай-күйін тексеру мен мониторингтеудің заманауи әдістерін енгізуді, жасанды құрылыстарды олардың бүкіл өмірлік циклі бойы басқару тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ сала мамандарын оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту кәсіби тәжірибе алмасумен қатар, әлемдік озық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеуге мүмкіндік береді. BIM-технологияларын, заманауи диагностикалау және мониторинг әдістерін, сондай-ақ озық нормативтік тәсілдерді енгізу көпір құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.