ҮАААЖ: үш жылда көлік ағыны екі еседен астам өсті

ҮАААЖ: үш жылда көлік ағыны екі еседен астам өсті

Пайдалануға берілгеніне үш жыл болғанымен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) бүгінде еліміздегі ең қарқынды пайдаланылатын магистральдардың біріне айналып, Алматы агломерациясының көлік жүйесінде маңызды орын алып отыр. Қазіргі таңда жол қолайлы және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ете отырып, жол саласында заманауи интеллектуалды технологияларды қолданудың үлгісі болып табылады.

ҮАААЖ – Қазақстандағы автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің алғашқы ауқымды жобасы. Магистраль транзиттік көлікті Алматы қаласының сыртына бағыттауға, қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, жол жүру уақытын қысқартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және мегаполистегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік берді.

Жоба әзірленген кезде тәулігіне 38 мың көлік өтеді деп болжанған болатын. Алайда пайдаланудың алғашқы жылдарынан-ақ бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. 2023 жылы орташа тәуліктік қозғалыс көлемі 46 мың көлікті құраса, 2024 жылы – 75 мыңға, ал 2025 жылы 85 мың көлікке жетті. Осылайша, нақты көлік ағыны бастапқы болжамдардан екі еседен астам асып түсті. Бұл ретте трафиктің 86%-ы жеңіл автокөліктерге, 7%-дан — автобустар мен жүк көліктеріне тиесілі.

ҮАААЖ бойында жол қозғалысын үздіксіз бақылауға арналған 223 интеллектуалды бейнекамера орнатылған. Оның ішінде 49 негізгі камера тәулік бойы жолдағы жағдайды қадағалайды. Сонымен қатар екі автоматты метеостанция, 18 ауыспалы ақпараттық табло (VMS) және көлік ағынын есептейтін 10 автоматтандырылған станция (VTS) жұмыс істейді. Оқиғаларды автоматты түрде анықтау жүйесі (Event Detection) жол-көлік оқиғаларын, тоқтап қалған көліктерді және өзге де төтенше жағдайларды нақты уақыт режимінде анықтап, тиісті қызметтердің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Жүргізушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 14,2 шақырым болатын шуға қарсы қоршаулар және 222 шақырым жол қоршауы орнатылған. Жолды күтіп-ұстау жұмыстарын 49 арнайы техника паркі қамтамасыз етеді, ал қысқы кезеңде көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті қоры үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жол жағдайын тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталықтың тұрақты бақылайды. Сонымен қатар ҮАААЖ-дың бүкіл бағыты бойынша 24/7 режимінде патрульдік қызмет ұйымдастырылған.

Жоба персоналының саны 190 адамды құрайды, оның ішінде 166 қызметкер жолды тікелей пайдалану және күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысады. Олар жолдағы жағдайды тұрақты бақылап, инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, Қазақстандағы ең заманауи автомагистральдардың бірінің сенімді қызмет етуіне жауап береді.