
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің директоры Нұржан Малаевтың төрағалығымен өтті, оған Азаматтық авиация комитетінің, «Көліктік оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру орталығы» АҚ-ның, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның, «Қазаэронавигация» РМК-ның, «Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы» ЗТБ (КАМА) және «Жеңіл және аса жеңіл авиацияны пайдаланушылар» ЗТБ (ЭЛИСА), әуежайлар мен әуекомпанияларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық авиация субъектілерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға 2026 жылғы 13 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ Азаматтық және эксперименттік авиацияда деректерді ұсыну мен авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы айтылды. Аталған өзгерістерге сәйкес авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі функциялар «Көліктік оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру орталығы» АҚ-ға берілді.
Мемлекеттік органдар, Орталық және азаматтық авиация субъектілері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі ұйымдастыру, заңнамалық нормаларды практикалық іске асыру, сондай-ақ жаңа талаптарға сәйкес тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, кеңес барысында Департаменттің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары шығарылып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың алдын алу жөнінде қабылданып жатқан шаралардың негізгі үрдістері, тәуекел факторлары мен тиімділігі қаралды.
Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде шағын авиация (жеңіл және аса жеңіл авиация) саласындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қатысушылар шағын авиация субъектілеріне қойылатын талаптарды, қолданыстағы қауіпсіздік нормалары мен стандарттарының сақталуын, мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ пайдаланушылар мен авиациялық персоналдың жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша авиация саласы субъектілерінің өзара іс-қимылын жетілдіруге, ұшу қауіпсіздігі мәдениетін нығайтуға, авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған бірінші кезектегі шаралар айқындалды.