«Қауіпсіз жол» акциясы барысында 450-ден астам заң бұзушылық анықталды

«Қауіпсіз жол» акциясы барысында 450-ден астам заң бұзушылық анықталды

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті 2026 жылғы 15–30 маусым аралығында республика аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық профилактикалық акциясын өткізді.

Акцияның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жазғы сауықтыру кезеңінде балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ автомобильмен жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейту.

Акция аясында көліктік бақылаудың аумақтық инспекцияларының қызметкерлері ішкі істер органдарымен бірлесіп республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында рейдтік іс-шаралар өткізді.

Тексеру барысында тасымалдаушылардың автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын сақтауы, қажетті рұқсат құжаттарының болуы, көлік құралдарының техникалық жай-күйі, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауы, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарының орындалуы басты назарда болды.

Акция қорытындысы бойынша:

  • жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 800-ге жуық автокөлік құралы тексерілді;
  • 450-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті әкімшілік материалдар рәсімделді.

Өткізілген іс-шаралар автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарының бұзылуын анықтап, жолын кесуге, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылдауға мүмкіндік берді.

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ішкі істер органдарымен бірлескен жұмысты алдағы уақытта да жалғастырады.