
Шығыс Қазақстан облысында жаңғырту жұмыстары аяқталған Риддер және Шемонаиха теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Нысандар Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жаңартылды.
Жаңғырту барысында вокзал ғимараттарының қасбеттері мен ішкі бөлмелері, инженерлік желілер, жолаушылар платформалары және іргелес аумақ толық жаңартылды. Сондай-ақ заманауи жабдықтар мен жиһаз орнатылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, қызмет көрсету сапасы артты.
Риддер мен Шемонаиха теміржол вокзалдары Шығыс Қазақстан облысының маңызды көлік нысандарының бірі болып табылады. Оларды жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар мен қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Финтек-Астана» ЖШС мен «QK SUNQAR» ЖШС жүзеге асырды. Жаңғыртудан кейін Риддер вокзалының жалпы ауданы 471 шаршы метрді, ал Шемонаиха вокзалының ауданы 230 шаршы метрді құрайды.
Жалпы өңірде бағдарлама аясында бес теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Соның екеуі – Риддер мен Шемонаиха вокзалдары – пайдалануға берілді.
Еліміз бойынша теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биылғы 1 шілдеге дейін республика бойынша 30 жаңғыртылған вокзалды пайдалануға беріледі.