Қазақстанда қайта жаңартылған теміржол вокзалдарының ашылуы жалғасуда

Қазақстанда қайта жаңартылған теміржол вокзалдарының ашылуы жалғасуда

Солтүстік Қазақстан облысында жаңғырту жұмыстары жүргізілген Саумалкөл және Жаңаесіл теміржол вокзалдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараларға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі  Жәнібек Тайжанов қатысты.

Ашылу рәсімі барысында Жәнібек Тайжанов: «Жүргізілген жаңғырту жұмыстары нысандардың инфрақұрылымын жаңартуға, қауіпсіздік деңгейі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға, елді мекен тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді», — деп атап өтті.

Вице-министр жаңғыртылған вокзалдар өңірдің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, халықтың ұтқырлығын арттыруға және жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысында үш теміржол вокзалын жаңғырту көзделген, оның екеуі — Саумалкөл және Жаңаесіл вокзалдары — жаңартудан кейін пайдалануға берілді.

Саумалкөл мен Жаңаесіл — Солтүстік Қазақстан облысының маңызды елді мекендері, ал теміржол вокзалдары өңірдің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарады.

Вокзалдарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан бойынша жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында орындалды. Бұл — Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарындағы вокзал инфрақұрылымын дамыту бойынша ең ірі жоба.

Іс-шара соңында вице-министр мамандар мен жобаның барлық қатысушыларына вокзалдарды жаңғырту бағдарламасын табысты жүзеге асыруға және елдің көлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.