
Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, саланы цифрландыруға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Негізгі құжаттардың бірі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалдарының кейбір аспектілері туралы келісім болды. Құжат Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға бағытталған. Бұл бағыттар желісін кеңейтуге, жолаушылар ағынын арттыруға және іскерлік әрі туристік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытына кіретін автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, ТХКБ-ны дамыту жөніндегі халықаралық бизнес-конференция аясында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын реконструкциялау жобасын іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Теміржол саласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Alstom компаниясы арасында KZ6A сериясындағы электровоздарға сервистік қызмет көрсету бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Көлік саласын цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Интелектуалды көлік жүйелері мен «Е-жолдары» цифрлық платформасын енгізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен SITA B.V. арасында мемлекеттік әуежайларды кешенді цифрландыру, оның ішінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Авиация саласы үшін маңызды оқиғалардың бірі «Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы арасында Airbus A320neo әуе кемелері тобының 50 ұшағын жеткізуге тапсырыс беру туралы келісімге қол қойылды. Оның ішінде 25 қатты тапсырыс және 25 қосымша опцион қарастырылған. Әуе паркін кеңейту әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға және ұшу бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Groupe ADP арасында авиация, әуежай инфрақұрылымын дамыту және іргелес аумақтардың экономикалық дамуын ынталандыру салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты көздейтін бірлескен декларацияға қол қойылды.
Халықаралық логистика саласында «KTZ Express» АҚ мен Midia Marine Terminal, Ecco Rail және A.P. Moller – Maersk компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Қол жеткізілген келісімдер мультимодальды тасымалдарды дамытуға, халықаралық логистикалық қызметтерді кеңейтуге және Транскаспий халықаралық көлік бағытының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөнінде келісімге қол қойылды. Аталған жобаларды іске асыру көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға, елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және халықаралық көлік дәліздерін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Қол қойылған құжаттар Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасындағы көлік инфрақұрылымы саласындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растайды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.