Қазақстанда жол құрылысына арналған отандық цементтерге ауқымды талдау басталды

Қазақстанда жол құрылысына арналған отандық цементтерге ауқымды талдау басталды

«ҚазжолҒЗИ» АҚ мамандары еліміздегі автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде қолданылатын қазақстандық өндірістегі цементтерді кешенді зерттеу жұмыстарын бастады.

Зерттеу «Қазақстандық өндірістегі цементтердің химиялық құрамы мен физика-механикалық қасиеттерін талдау» ғылыми-зерттеу жобасы аясында жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – отандық цементтердің сапасын бағалау және Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жол цементтеріне қойылатын ғылыми негізделген талаптарды қалыптастыру.

«Жол құрылысында цемент негізгі материалдардың бірі болып табылады. Оның сапасына жол жамылғысының беріктігі, аязға төзімділігі, температуралық өзгерістерге тұрақтылығы және автомобиль жолының қызмет ету мерзімі тікелей байланысты. Сондықтан, цемент қасиеттерін зерттеу елдің көлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруда стратегиялық маңызға ие», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» мамандары.

Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ҰК», Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және цемент өндіруші зауыттардың өкілдерінің қатысуымен цемент сынамаларын бірлесіп іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде Қазақстанда құрылыс саласына өнім шығаратын 11 цемент зауыты жұмыс істейді. Қазіргі таңда Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы, сондай-ақ Шымкент қаласындағы кәсіпорындардан сынамалар алынды. Сынамалар тікелей өндірістік алаңдарда іріктеліп, шығарылатын өнімнің сапасы туралы барынша объективті деректер алуға мүмкіндік береді.

Зерттеу барысында ғалымдар цементтердің физика-механикалық қасиеттері мен химиялық құрамына кешенді талдау жүргізіп, минералдық және химиялық қоспалардың әсерін бағалайды, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың өнім номенклатурасы мен өндіріс көлемдері туралы деректер жинайды.

Ғылыми жұмыстың негізгі нәтижелерінің бірі ретінде «Жол құрылысына арналған цемент» нормативтік-техникалық құжат жобасы әзірленеді. Бұл құжат цементбетон жолдарын салуда қолданылатын цементтерге бірыңғай талаптар белгілеуге мүмкіндік беріп, саланың нормативтік базасын жетілдірудегі маңызды қадам болмақ.

Мамандардың пікірінше, зерттеу нәтижелері жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыруға, цементбетон жамылғыларының ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге және Қазақстанда заманауи жол құрылысы технологияларын кеңінен енгізуге негіз болады.