Астанада ТХКБ Үйлестіру платформасының үшінші ұлттық семинары өтті

Астанада ТХКБ Үйлестіру платформасының үшінші ұлттық семинары өтті

Астана қаласында Транскаспий халықаралық көлік бағытының Үйлестіру платформасы аясында үшінші ұлттық семинар өтті.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Қазақстандағы Еуропалық одақ делегациясының елшісі Алешка Симкич құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде вице-министр Орта дәліздің Қазақстан үшін стратегиялық маңыз зор екеніне тоқталып, отандық көлік саласының тұрақты даму қарқынын ерекше атап өтті. 

Семинар барысында Ташкентте өткен Инвесторлар форумынан және жоғары лауазымды тұлғалардың онлайн-кездесуінен кейін атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылды. Тараптар дәліз бойындағы басым инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысын, оның ішінде порт инфрақұрылымын жаңғырту, теміржол және автомобиль жолдары желісін дамыту мәселелерін талқылады.

Каспий теңізіндегі тар орындарды жоюға, флотты дамытуға, порттардың өткізу қуатын арттыруға және теңіз инфрақұрылымы саласындағы сабақтас бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Өзара «жұмсақ» байланыс мәселелеріне арналған сессия аясында сауда рәсімдерін жеңілдету, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру және мультимодальды тасымалдарды дамыту мәселелері қаралды. Семинардың қорытынды бөлігінде халықаралық қаржы институттарының қарауына ұсынылатын жаңа жобалар таныстырылды.

Семинар қорытындысы бойынша тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады және инфрақұрылымдық инвестициялар мен көлік жүйелерін цифрлық интеграциялау саласындағы бірлескен бастамаларды қолдайтындарын білдірді.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ, Орта дәліз) Қытай мен Орталық Азия елдерін Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Еуропа нарықтарымен байланыстырады. Соңғы жылдары бұл бағыт Еуразия көлік жүйесінің негізгі элементтерінің біріне айналды.