Абай облысында авиациялық оқиғаларға ден қою кезінде әуе және жерүсті күштерінің өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған ведомствоаралық үйлестіру оқу-жаттығулары өтті.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес шартты авиациялық оқиға орны Семей қаласы әуежайынан 125 шақырым қашықтықта, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының шекаралас аумағында белгіленді. Бұл бірнеше өңірдің күштері мен құралдарының іс-қимылдарын үйлестіруді пысықтауға мүмкіндік берді.
Оқу-жаттығуға «Қазаэронавигация» РМК Іздестіру және құтқаруды үйлестіру орталығы (Астана қаласы), «Қазаэронавигация» РМК Абай филиалының әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлері, Шығыс Қазақстан облысының авиациялық бөлімшесінің азаматтық іздестіру-құтқару әуе кемесі, Абай облысы ТЖД құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері, ҚР ҰҚК Авиациялық қызметінің мемлекеттік іздестіру-құтқару әуе кемесі, Шығыс Қазақстан облысы ТЖД құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері, сондай-ақ Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жерүсті іздестіру-құтқару құрамалары қатысты.
Оқу-жаттығу барысында авиациялық іздестіру-құтқару жүйесінің негізгі элементтері пысықталды. Атап айтқанда, апат сигналын қабылдау және өңдеу, іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын хабардар ету және жұмылдыру, әуе және жерүсті іздестіру-құтқару операцияларын үйлестіру, шартты авиациялық оқиға орнын анықтау, шартты зардап шеккендерді сұрыптау және эвакуациялау, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстары жүргізілді.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл, жедел ақпарат алмасу және авиациялық іздестіру-құтқару саласындағы халықаралық стандарттарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тартылған күштер мен құралдардың авиациялық оқиғаларға жедел ден қоюға дайындығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұшуларды іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі расталды.
Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу ұлттық авиациялық іздестіру-құтқару жүйесінің дайындығын қолдаудың маңызды элементі болып табылады және ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес ден қою тетіктерін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.