2026 жылғы 8 мамырда Астана – Франкфурт бағыты бойынша KZR921 рейсін орындау кезінде «Air Astana» АҚ-ның EI-KGJ тіркеу нөмірлі Airbus A321 әуе кемесімен авиациялық оқиға орын алды.
Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін әуе кемесінің экипажы қозғалтқыштардың бірінің істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялады. Осыған байланысты экипаж Ақтөбе қаласының қосалқы әуежайына қону туралы шешім қабылдады.
Әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ экипаждың 9 мүшесі болған.
Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонды. Экипаж әуе кемесінің жедел пайдалану жөніндегі анықтамалығында (QRH – Quick Reference Handbook) көзделген рәсімдерге сәйкес әрекет етті. Қонғаннан кейін әуе кемесі тұрақ орнына өздігінен жетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әуежайдың авариялық-құтқару және тиісті жерүсті қызметтері жұмылдырылды.
Авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе әуе кемесінің зақымдануы туралы ақпарат түскен жоқ.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес аталған авиациялық оқиға ауыр инцидент ретінде жіктеліп, оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тергейтін болады.
Алғашқы іс-шараларды жүргізу және ақпарат жинау мақсатында авиациялық оқиға орнына Департамент қызметкерінің баруы жоспарлануда.