Экскурсиялық ұшулар – жолаушыларға арналған жадынама

Экскурсиялық ұшулар – жолаушыларға арналған жадынама

Әлеуметтік желілерде жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерімен, сондай-ақ аэростаттармен әуе шолу (экскурсиялық) ұшуларын орындау туралы жарнамалық ұсыныстар санының артуына байланысты Азаматтық авиация комитеті (ААК) мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ (ҚАӘ) ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігін еске салады.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ұшу алдында пайдаланушыда (ұшуды ұйымдастырушыда) келесі құжаттардың бар екеніне көз жеткізу ұсынылады:

Рұқсат беру құжаттары – белгіленген тәртіппен ҚАӘ берген қолданыстағы Пайдаланушы сертификаты және пайдалану ерекшеліктері

Ұшуға жарамдылығы – әуе кемесіне берілген қолданыстағы ұшуға жарамдылық сертификаты. 

Экипаждың біліктілігі – ұшқыштың тиісті санаттағы және біліктіліктегі қолданыстағы куәлігінің болуы.

Сақтандыру – жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шартының болуы.

ААК және ҚАӘ ұшуды орындаудың міндетті шарты жолаушыларға ұшу алдындағы нұсқама беру болып табылатынын атап көрсетеді. Сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайларда (қатты жел, төмен бұлттылық, жауын-шашын) ұшуларды жүзеге асыру ұсынылмайды.

Аталған шараларды сақтау тәуекелдерді азайтуға және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.