
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мәселелері бойынша Парламенттік тыңдауы өтті. Отырыста Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев көлік-логистика саласын дамыту және халықаралық транзиттік бағыттарды кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, бүгінде көлік саласының барлық бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы бес жылда саланың жалпы өнімі үш есеге өсіп, инфрақұрылым мен логистика қарқынды дамып келеді.
2030 жылға қарай теміржол транзитінің көлемін 67 млн тоннаға, автомобиль транзитін 12 млн тоннаға және әуе транзитін 487 млн ұшақ-шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Теміржол саласында соңғы бес жылда транзит көлемі 65%-ға артты. Инфрақұрылымды жаңғырту аясында Достық – Мойынты теміржол учаскесі мен Алматы айналма теміржолы іске қосылды. 2022–2025 жылдары 509 локомотив сатып алынды. Сонымен қатар Дарбаза–Мақтаарал және Бақты–Аягөз теміржол жобалары жүзеге асырылуда, сондай-ақ жыл сайын 1500 шақырымға жуық жол жөнделуде.
Теңіз инфрақұрылымы бағытында Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде олардың өткізу қабілеті 21 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның логистикалық хаб ретіндегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Авиация саласында соңғы 5 жылда транзит төрт есеге өсті. Қазіргі уақытта 2050 жылға дейінгі авиацияны дамыту жөніндегі мастер-жоспар әзірленуде. Сонымен қатар жаңа әуе кемелерін сатып алу және авиациялық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Халықаралық автомобиль тасымалдары да тұрақты өсім көрсетуде. 2020 жылдан бері транзит көлемі үш есеге артты. Бүгінде Қазақстанның 42 елмен үкіметаралық келісімдері бар, бұл отандық тасымалдаушыларға Еуразия кеңістігіндегі көптеген елдерге жүк жеткізуге мүмкіндік береді.
Саланы цифрландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету аясында рұқсат бланкілерін беру мерзімі 8 күннен 1 күнге дейін қысқартылды, ал бланкілердің 70%-ы электрондық форматқа көшірілді.
Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша елімізде 7 халықаралық автодәліз қалыптастырылған. 2029 жылға дейін Ақтөбе – Қызылорда, Бейнеу – Сексеуіл, Орталық – Батыс және Қарағанды – Жезқазған ірі жобалары іске асырылада. 2026 жылы ақылы автомобиль жолдарының ұзындығы 6,7 мың шақырымға дейін жеткізіледі.
Осылайша транзит еліміздің стратегиялық активіне айналуда.