Орта дәліз: Қазақстан мен Италия жеткізу тізбегін нығайтады

Орта дәліз: Қазақстан мен Италия жеткізу тізбегін нығайтады

Ағымдағы жылғы 21 сәуірде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің өкілдері Italy–Kazakhstan Supply Chain Forum 2026 халықаралық форумы аясында өткен «Орта дәлізді дамыту» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты.

Талқылау барысында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ итальяндық және халықаралық бизнес өкілдерінің қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (Middle Corridor) дамыту мәселелері қаралды.

Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы байланысты қамтамасыз ете отырып, Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін жүйелі түрде нығайтып келе жатқаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде транзиттік және экспорттық тасымалдаудың өсуіне жағдай жасайды.

Сонымен қатар, Middle Corridor өзінің тұрақтылығын дәлелдегені айтылды. Қазіргі кезеңде негізгі назар тасымалдардың жылдамдығын және экономикалық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты жұмыс дәліздің барлық элементтерін үйлестіруге, атап айтқанда инфрақұрылымды дамытуға, процестерді цифрландыруға және маршрут бойындағы «тар жерлерді» жоюға бағытталған.

Итальяндық тараптың ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде маршрут бойындағы инфрақұрылымды дамыту, логистикалық қызметтер және көлік кооперациясы жобаларына қатысуға жоғары қызығушылық танытып отырғаны ерекше атап өтілді.

Қабылданып жатқан шаралар халықаралық серіктестердің қатысуы үшін қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға бағытталғаны айтылды. Қазақстан көлік саласына ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тұрақты әрі ашық жағдайларды қамтамасыз етеді.

Осындай кешенді тәсіл маршрутты жай транзиттік бағыттан жаһандық нарық үшін тұрақты әрі бәсекеге қабілетті логистикалық өнімге айналдыруға мүмкіндік береді.