
Қазақстан Республикасы Канаданың Монреаль қаласындағы ИКАО штаб-пәтерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ұйымдастырған Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар панелінің отызыншы отырысына (AVSECP/37) қатысты.
Отырыста ИКАО-ның іске асыруды қолдау және әлеуетті арттыру жөніндегі бастамасы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Авиациялық қауіпсіздік департаментінің бас авиациялық инспекторы, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар панелінің оқыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Рүстем Қабанбаев Қазақстан Республикасынан «Өңірлік ынтымақтастықты нығайту: Орталық Азия мен Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының Қазақстан Республикасын ICAO USAP-CMA аудитіне дайындаудағы рөлі» атты жұмыс құжатын ұсынды. Атап айтқанда, авиациялық қауіпсіздікті қадағалауды және ИКАО-ның Қауіпсіздікті тексерудің әмбебап бағдарламасы - үздіксіз мониторинг тәсіліне (USAP-CMA) дайындықты жақсартудағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобы 2021 жылы Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында білім алмасуға, әлеуетті арттыру бастамаларына және қауіпсіздік шараларын үйлестіруге жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын.
AVSECP/37 қатысушылары өңірлік ынтымақтастықты авиациялық қауіпсіздіктің жаһандық тұрақтылығын нығайтудың негізгі факторы ретінде мойындай отырып, Қазақстан Республикасының тұжырымдарын оң бағалады. Қазақстанның қосқан үлесі өңірдегі тиімді өзара іс-қимыл мен көшбасшылықтың үлгісі ретінде атап өтілді.
Кеңесте сонымен қатар авиациялық қауіпсіздіктің бірқатар маңызды мәселелері, соның ішінде жаңа қатерлер, саясат пен реттеудегі өзгерістер, инновациялар мен әлеуетті арттыру стратегиялары қаралды. Бұл ИКАО-ның қауіпсіз және сенімді халықаралық әуе көлігін қамтамасыз ету жөніндегі миссиясын одан әрі нығайта түсті.
Қазақстан авиациялық қауіпсіздікті арттыру және анағұрлым қауіпсіз авиациялық ортаны құру жөніндегі жаһандық күш-жігерді қолдау мақсатында ИКАО-мен және халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастыққа ұмтылуда.