ИКАО Кеңесінің Президенті мен Бас хатшысы ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасының елшілерімен және көшбасшыларымен кездесті

ИКАО Кеңесінің Президенті мен Бас хатшысы ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасының елшілерімен және көшбасшыларымен кездесті

14–16 сәуір аралығында Марракеш қаласында (Марокко) ИКАО-ның енгізуді қолдау жөніндегі жаһандық симпозиумы (GISS-2026) өтуде. Бұл – кадрлық әлеуетті дамытуға және мемлекеттерге азаматтық авиация стандарттарын іске асыруда қолдау көрсетуге бағытталған негізгі халықаралық платформа.

Симпозиумның тақырыбы «Өңірлік шешімдер, жаһандық артықшылықтар». Іс-шара әлемдік азаматтық авиацияны дамытудың түйінді мәселелерін талқылау үшін авиация саласының басшыларын, үкімет өкілдерін, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерін біріктірді. Қазақстандық делегацияны ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарды.

«Бұл Симпозиум Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 2026-2050 жылдарға арналған Ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын іске асырудың бастапқы нүктесі болсын. Барша үшін қауіпсіз, қорғалған және тұрақты әуе көлігін қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз әрі ортақ жауапкершілігіміз», – деді симпозиумның ашылуында ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума.

Симпозиум аясында ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасы шеңберінде адам капиталын дамыту тақырыбына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарасы алғашқы рет өтті. Оған ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, бағдарламаның жаһандық елшілері мен көшбасшылары, сондай-ақ авиациялық білім беру және кадрлар даярлау саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар қатысты. Бұл шарада ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасының Елшісі ретінде де сөз сөйледі, ол осы лауазымға 2026 жылғы қаңтарда тағайындалған болатын.

«ИКАО Елшісі болып тағайындалу  бұл тек мәртебе ғана емес, сонымен бірге сіздердің иықтарыңызға жүктелетін үлкен жауапкершілік екенін атап өту маңызды. Бұл бізден күтілетін ең жоғары стандарттарды ұсыну және енгізу бойынша ИКАО-да бәріміз бөлісетін ортақ жауапкершілік», – деді ИКАО Бас хатшысы.

Қазақстанның мұндай деңгейде қатысуы авиация мамандарын дамытудың халықаралық күн тәртібін ілгерілетудегі және жаһандық ынтымақтастықты нығайтудағы елдің рөлі артып келе жатқанын айғақтайды.

Кездесу барысында ИКАО-ның кадрлар даярлау саласындағы басым бағыттары, соның ішінде Авиация мамандарының келесі буыны (NGAP) бағдарламасы, Жаһандық авиациялық білім беру бағдарламасы (GAEP), сондай-ақ авиациядағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бастамалар таныстырылды.

Талқылау аясында Қазақстан адам капиталын дамыту бойынша өз тәсілдерін, соның ішінде гендерлік теңдікті қолдау, жастарды тарту және авиациялық мамандықтарды дәріптеу шараларын ұсынды. Саланың тұрақты кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды іске асырудағы елдің практикалық тәжірибесі атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық іс-қимылды күшейтудің, ақпараттық-ағартушылық бастамаларды кеңейтудің және ИКАО-ның жаһандық бағдарламаларын іске асыру тиімділігін арттырудың практикалық тәсілдерін әзірледі.

 

 

Анықтама

Global Implementation Support Symposium  (GISS) – ИКАО тарапынан ұйымдастырылатын жыл сайынғы халықаралық симпозиум. Ол мүше мемлекеттер мен сарапшылардың басын қоса отырып, стандарттарды енгізуге қолдау көрсету, ұшу қауіпсіздігі, инновациялар және әуе көлігінің тұрақты дамуы мәселелеріне арналады. GISS ИКАО-ның «Ешбір ел назардан тыс қалмауы тиіс» бастамасына сәйкес, тұрақты авиацияны ілгерілету платформасы ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ ол әріптестермен тәжірибе алмасуға және бүкіл әлем бойынша авиациядағы тұрақты даму принциптерін енгізу күш-жігерін нығайту жолдарын зерделеуге мүмкіндік береді.

ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасы дүниежүзі бойынша 60-тан астам елші мен көшбасшының басын біріктіреді және «Ешбір ел назардан тыс қалмасын» стратегиялық мақсатына қол жеткізуде шешуші рөл атқарады. Қазақстанда бағдарлама Елшісінің қызметі аясында адам капиталын дамыту, гендерлік теңдікті ілгерілету және авиацияға жастарды тарту бойынша бастамалар жүзеге асырылуда.

Қазақстанның азаматтық авиация саласында 25 000-ға жуық маман жұмыс істейді, оның 40%-дан астамын әйелдер құрайды. Салада 2 300-ден астам бортсерік және инженерлік-техникалық мамандықтарда 600-ге жуық әйел еңбек етеді. 4 000 ұшқыштың 31-і – әйел адамдар, оның ішінде коммерциялық авиацияда екі әуе кемесінің командирі бар.

Бұл көрсеткіштер кадрлық әлеуетті дамытудың тұрақты динамикасын көрсетеді және Қазақстанның мамандар даярлау саласындағы ИКАО-ның халықаралық бастамаларына адалдығын растайды.