Қазақстанда азаматтық авиация саласындағы жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктердің Салалық атласы жасалды

Қазақстанда азаматтық авиация саласындағы жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктердің Салалық атласы жасалды

Алматы қаласында жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктердің салалық атласын әзірлеуге арналған сарапшылық кеңес өтті. Оған мемлекеттік органдар, әуе компаниялары, әуежайлар, сондай-ақ салалық кәсіпорындар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Шараға Қазақстандағы ICAO Әлемдік елшілер бағдарламасының елшісі, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, Азаматтық авиация академиясының ректорының м.а Қайрат Жакупов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Жоғары және ЖОО кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлжан Жарасова қатысты.

Кездесуде ұсынылған жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктер атласы жобасы саланың негізгі қатысушыларымен – әуе компаниялары мен авиациялық кәсіпорындармен бірге талқыланып, қолдау тапты.

«Атласта алдағы 15 жылда сұранысқа ие болатын мамандықтар мен негізгі дағдылар тізімі көрсетілген. Әлемде әуе тасымалы айтарлықтай көбейіп жатқандықтан, жоғары білікті мамандарға сұраныс арта береді. Кадр әлеуетін арттыру – ICAO Жаһандық елшілер бағдарламасының басты міндеттерінің бірі. Салалық мамандықтар мен құзіреттіліктер атласы кадрларды даярлауда жалпы түсініктен нақты іс-әрекеттерге көшуге, сондай-ақ салада біріңғай бағыттарды белгілеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Салтанат Томпиева.

Атластың басты нәтижелерінің бірі – цифрландыру, жасанды интеллект, тұрақты даму және ұшқышсыз технологиялармен байланысты жаңа мамандықтардың пайда болуы. Ерекше мамандықтардың қатарында: әуе қозғалысын басқару бағытындағы ЖИ-мен жұмыс істейтін жобалаушы және интеллектуалды диспетчерлік жүйелерді әзірлеуші, ұшқыштардың психологиялық төзімділігін қамтамасыз ететін киберпсихолог пен коучтар, сутегі қауіпсіздігі инженері және SAF жеткізу тізбегінің маманы (авиацияның экологиялық жаңғыруына жауапты жаңа энергетика саласының мамандары), «эмоциялық логистика» талдаушы маманы, жолаушыларға ыңғайлы қызметті жоспарлайтын сәулетші және тағы басқалары бар. Сонымен бірге, ұшқышсыз авиация саласына да ерекше назар аударылған. Бұл салада ҰАЖ операторларынан бастап платформаларды жасайтын мамандар мен робот техника инженерлеріне дейінгі барлық мамандықтар қажет болады.

Болашақта ұшқыштар, инженерлер және диспетчерлер автоматтандырылған жүйелермен, жасанды интеллектпен және цифрлық көшірмелермен тығыз жұмыс жасайтын болады. Сол себепті Атлас қолмен деректерді өңдеу, аз автоматтандырылған жерүсті қызметтері, қарапайым диспетчерлік және логистикалық жұмыстарға байланысты мамандықтардың  өзектілігі азаятынын көрсетеді.

Технология дамыса да, салада басты рөлді адамдар атқара береді. Қазірдің өзінде авиация саласында мамандар жетіспейді және бұл қажеттілік 2029 жылға қарай едәуір өсуі мүмкін. Осыған байланысты ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі Салтанат Томпиева Қазақстан адам капиталын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл ИКАО-ның 2050 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарына да сәйкес келеді, сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар Аргентина, Ұлыбритания, Грузия, Италия, Канада, Жапония сияқты елдердің 25 сала өкілінен және Гайана, Португалия мен Шри-Ланканың 3 өңірлік чемпионынан тұратын ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.

Қатысушылардың айтуынша, Атлас бірнеше мәселені бірден шешеді – мемлекетке кадр саясатын және білім беру тапсырысын жоспарлауға, бизнеске қызметкерлерді дамытуға, сондай-ақ авиация саласын таңдайтын жастарға бағыт-бағдар береді.