
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған автожол саласын дамыту бағыттарын айқындап, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жол сапасын арттыруға және елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған шешім бекітті.
Басымдықтар аясында жол жабыны түрлерін таңдау тәсілдері қайта қаралады. Көлік жүктемесі жоғары, әсіресе халықаралық бағыттарда цементбетон жабындарын қолдану кеңейтіледі. Ал, шағын елді мекендерге апаратын жолдарда қиыршық тас және шағал жабындарына басымдық беріледі. Бұл жабын түрі ұзақ мерзімділігімен және климаттық әсерлерге төзімділігімен ерекшеленеді.
Құжатта транзиттік дәліздерді дамытуға ерекше назар аударылған. Негізгі жобалардың қатарында «Бейнеу - Сексеуіл», «Қызылорда - Сексеуіл», «Сексеуіл - Ұлғайсын» және «Жаңаөзен – Кендірлі – Темірбаба» бағыттары бар. Сонымен қатар орташа жөндеу көлемі ұлғайтылады: 2028 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымы жөндеумен қамтылады.
Негізгі бағыттардың бірі ретінде ұлттық автожол операторының қызметін дамыту көзделген. Бұл оның қаржылық тұрақтылығын арттыруға, инвестициялық әлеуетін кеңейтуге және жол активтерін басқарудың заманауи модельдерін енгізуге мүмкіндік береді.
Саланың технологиялық жаңғыртылуына да басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, отандық өндірістегі полимермен модификацияланған битумдарға көшу, сондай-ақ жобалық шешімдерді алдын ала сараптау және жобаларды іске асыру кезеңінде ғылыми-техникалық сүйемелдеуді енгізу қарастырылған.
Аталған бастамаларды ғылыми-техникалық тұрғыда қамтамасыз етуде «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) маңызды рөл атқарады. «ҚазжолҒЗИ» техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуге, цементбетон жабындарын қолдану бойынша зерттеулер жүргізуге, көлік жүктемелері мен климаттық факторларды талдауға, сондай-ақ жаңа технологиялар мен материалдарды енгізуді сүйемелдеуге қатысады.
Сонымен қатар жол инфрақұрылымын цифрлық шешімдермен біріктіру жоспарланған. Негізгі бағыттар бойында талшықты-оптикалық байланыс желілері дамытылып, 5G технологиялары енгізіледі. Бұл интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға негіз болады. Бұдан бөлек, көпфункционалды сервистік аймақтар құру және өткізу бекеттеріндегі инфрақұрылымды дамыту қарастырылған.
Жалпы, қабылданған шаралар жол желісінің сапасын арттыруға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге және көлік инфрақұрылымының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.