Жолдарда су тасқынына дайындық жалғасуда

Жолдарда су тасқынына дайындық жалғасуда

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқыны мен еріген суларды өткізу үшін ауқымды дайындық жүргізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлімдеді.

Спикердің атап өтуінше, «біздің жолдарда 1300-ден астам көпір және шамамен 15 мың су өткізу құбыры орналасқан, оның 97%-ы ашылып, тазартылды. 2022 жылдан бастап су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 396-дан 229-ға дейін қысқарды».

2025 жылы 582 су өткізу құбыры қойылды: оның 162-сі реконструкциялау шеңберінде, 54-і күрделі жөндеу кезінде және 366-сы орташа жөндеу кезінде орнатылды. 2026 жылы тағы 200-ге жуық құбырды жөндеу жоспарлануда. Бес көпірге күрделі жөндеу жүргізілді: төртеуі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен – Рахман қайнары» автожолында және біреуі – Қостанай облысындағы «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» жолында.

Төлеген Абдуллиннің сөзінше, «су тасқыны кезеңіне жолдарды қорғау үшін 86 мың текше метрден астам материал дайындалды: 16 мың текше метр құм, 23 мың текше метр құм-қиыршық тас қоспасы, 40 мың текше метр бут тасы және 5 мың текше метр қиыршық тас. Сондай-ақ 280 мың қап  дайындалды. Жедел әрекет ету үшін 2 мыңнан астам техника дайын тұр».

Дайындық жұмыстар жергілікті маңызы бар жолдарда да жүргізілуде. Қазіргі таңда шамамен 280 су тасқыны қаупі бар учаске ерекше бақылауда, қажетті инертті материалдар мен қаптар дайындалған, 3 мыңға жуық техника бірлігі жұмылдырылған. Су өткізу құрылыстарын тазалау және қауіпті учаскелерді дайындау жұмыстары жалғасуда.