Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еуразиялық көлік дәліздеріне кіретін автомобиль жолдарымен жүрген кезде көлік құралдарының рұқсат етілетін массалары, осьтік жүктемесі және габариттері туралы келісімді бекіті жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Аталған Келісім 2024 жылғы 13 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған.
Құжат Одаққа мүше мемлекеттер аумағында көлік құралдарының техникалық параметрлеріне қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған. Келісімді іске асыру шекті рұқсат етілетін массалары, осьтік жүктемесі және габариттері туралы өлшемдеріндегі айырмашылықтарға байланысты қолданыстағы шектеулерді жоюға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық автотасымалдаушылар үшін тең әрі ашық жағдай қалыптастырады.
Келісімнің негізгі мақсаттары:
ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану;
еуразиялық көлік дәліздері бойынша халықаралық автомобиль тасымалдарының тиімділігін арттыру;
мүше мемлекеттердің автомобиль жолдары инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз ету;
жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту;
көлік қызметтерінің сапасын арттыру.
Жарлықтың қабылдануы транзиттік тасымалдарды дамытуға құқықтық негіз қалыптастырып, Қазақстанның өңірдегі маңызды көлік-логистикалық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтады.
Осылайша, оське немесе осьтер тобына түсетін рұқсат етілген жүктемелер артады. Мысалы, жеке ось үшін, дөңгелектің түріне қарамастан, қолданыстағы талаптар бойынша рұқсат етілген жүктеме 10 тоннаны құрайды. Келісімге сәйкес:
- бір дөңгелекті осьтер (көлік құралдарының бір шиналы дөңгелегі) үшін — 10,5 тонна;
- қос дөңгелекті осьтер (көлік құралдарының екі шиналы дөңгелегі) үшін — 11,5 тонна.
Сонымен қатар, жақын орналасқан осьтер тобында рұқсат етілген мәндер осьтердің саны мен олардың дөңгелектерінің түріне байланысты өзгереді.