Инфрақұрылымнан бастап ұшқышсыз көлікке дейін: Қазақстан Женевадағы жаһандық көлік сессиясында сөз сөйледі

Инфрақұрылымнан бастап ұшқышсыз көлікке дейін: Қазақстан Женевадағы жаһандық көлік сессиясында сөз сөйледі

Женева қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы жанындағы Ішкі көлік комитетінің жыл сайынғы сессиясы өтуде.

Қазақстан делегациясы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың жетекшілігімен және Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігімен бірлесіп Ішкі көлік комитетінің 88-сессиясына қатысты.

Іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы басшылығы, сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінен келген көлік министрлері, вице-министрлері және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Болашақ ішкі көлік үшін инновацияларды ынталандыру» атты министрлік сегмент аясында вице-министр Талғат Ластаев баяндама жасады. Ол жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі Қазақстанның стратегиялық рөлін атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы негізгі нәтижелерді таныстырды. Сонымен қатар цифрлық трансформация мен ұшқышсыз көлік технологияларын енгізуге ерекше назар аударылды.

Сессия аясында вице-министр Дмитрий Марьясин – Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Министрлік пен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ Халықаралық автомобиль көлігі одағы, ТРАСЕКА, әлемдегі ірі логистикалық компаниялардың бірі – Mediterranean Shipping Company (MSC) және MSC Air Cargo өкілдерімен кездесулер өтті.

Жалпы, сессия қорытындысы бойынша форум қатысушылары Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка өңірлері арасындағы әріптестікті кеңейтуге бейілділікті, сондай-ақ Ішкі көлік комитетінің ішкі көлік саласындағы жаһандық ынтымақтастықтың бірегей платформасы ретіндегі рөлін нығайтудың маңызын атап өтті.