ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы кездесуі өтті

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы кездесуі өтті

2025 жылғы 18 желтоқсанда Ақтау қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы кездесуі өтті.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етті.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Хан Сухэль құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара бағдарламасына сәйкес төрт панельдік сессия өткізілді. Олардың аясында қазақстандық және шетелдік бизнес-қоғамдастық өкілдері, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ қаржы институттарының басшылары спикер ретінде сөз сөйледі.

Спикерлер озық тәжірибелерді ұсынып, қатысушылар жүк ағындарын синхрондау және трансшекаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттыру механизмдерін талқылады. Жобаларды инвестициялық сүйемелдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды: қаржы секторының инфрақұрылымдық және цифрлық шешімдерді қаржыландыруға дайындығы ШЫҰ логистикалық экожүйесінің тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді.

Аталған кездесу 2024 жылы қол қойылған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтарын дамыту тұжырымдамасының практикалық іске асырылуы болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге негіз қалады.