Көлік министрлігі әуе оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру мәселелері бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық билігімен келісімге қол жеткізді

Көлік министрлігі әуе оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру мәселелері бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық билігімен келісімге қол жеткізді

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі елшісі Рауан Жұмабектің қатысуымен қазақстандық делегация Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық авиация басқармасының бас директоры Сайф Мохаммед Аль-Суэйди мырзамен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысының көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығын құру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Көлік министрлігі әлемдік озық тәжірибені зерделеуде. Қазіргі уақытта Орталықты құру жөніндегі заң жобасы ҚР Парламентінде қаралуда.

Тәжірибе алмасу және БАӘ авиациялық билігімен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен БАӘ азаматтық авиация басқармасының бас директоры Сайф Мохаммед Аль-Суэйди әуе оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру мәселелері бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім ақпарат алмасуды, оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру кезінде өзара жәрдем көрсетуді, сондай-ақ жасанды интеллектті енгізу және авиациялық техниканы зерттеу бойынша тәжірибе алмасуды көздейді.

Тараптар тергеп-тексерушілердің құзыретін арттыруға бағытталған бірлескен семинарлар өткізуге келісті. Айта кету керек, тергеп-тексеру мәселелері бойынша Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынымдарына сәйкестік деңгейі 100 % құрайды.

Кездесу барысында вице-министр Талғат Ластаев екі ел арасындағы жолаушылар ағынының айтарлықтай артқанын атап өтіп, Атырау, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе сияқты Қазақстанның өңірлік әуежайларына тікелей рейстер ашуға басымдық бере отырып, маршруттық бағыттарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі елшісі Рауан Жұмабек араб авиациялық билігіне ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, сауда, туризм және мәдени байланыстардың дамуына ықпал ететін одан әрі стратегиялық әріптестікке сенім білдірді.

Бұдан бөлек, транзиттік ағымды ұлғайту мақсатында Emirates және Fly Dubai әуе компанияларымен Қазақстанға рейстерді ашу және көбейту мәселелері талқыланды.

Etihad Airways компаниясы 2026 жылдың бірінші тоқсанында Алматыға рейстерді қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.