
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінде көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев азаматтарды жеке қабылдады
Астана, Алматы және Абай облысының тұрғындары көлік саласына қатысты сұрақтармен жүгінді. Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көлік нысандарының қолжетімділігі, теміржол билеттерін мамандандырылған купелерге онлайн сатып алу, «Семей – Қайнар» автожолындағы ауыр жүк көліктерінің тарапынан болған бұзушылықтар, Мамырсу елді мекеніндегі жолды жөндеу және инватакси қызметін көрсету мәселелері талқыланды.
Талғат Ластаев «Семей – Қайнар» автожолындағы бұзушылықтарды тексеру үшін арнайы комиссия ұйымдастырып, расталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, ол биылғы жылдың 30 маусымынан бастап инватакси қызметтері әлеуметтік қызметтер порталына ауыстырылғанын атап өтті. Бұл пайдаланушылар үшін ашықтық пен ыңғайлылықты арттырады.
Бұдан бөлек, Талғат Ластаевтың айтуынша, «Мобиус» жүйесінде мамандандырылған купелерге билеттерді онлайн сату функциясы әзірленіп жатыр. Интеграция аяқталған соң бұл қызмет «Билеты КТЖ» қосымшасында және KaspiTravel танымал платформаларында қолжетімді болады.
Қабылдау қорытындысы бойынша министрдің міндетін атқарушы барлық көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, ерекше бақылауға алынатынын атап өтті.