Қазақстан мен Германия көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Германия көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

2025 жылғы 21 қазанда министрлік ғимаратында көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсен мен Бундестаг депутаты, Сыртқы істер комитетінің мүшесі Штефан Майермен кездесті.

Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, Германия компанияларының Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Күн тәртібінің негізгі тақырыбы Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) болды. Қазақстан тарапы Азия мен Еуропаны байланыстыратын бұл бағытты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Кездесу барысында инфрақұрылымды жаңғырту және терминалдық қуаттарды кеңейту мәселелеріне назар аударылды. 2025 жылғы 24 қыркүйекте Астанада өткен Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының (ҮЖТ) 15-отырысының нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Бұл формат екі ел арасындағы практикалық бастамаларды ілгерілету үшін тиімді алаң екенін көрсетті.

Отырыстың қорытындысы бойынша тараптар көлік және логистика саласындағы өзара ынтымақтастықты, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаласты.
Сонымен қатар Қазақстан мен Германияның көлік компаниялары арасындағы инвестициялық серіктестікті тереңдету және профильдік министрліктер мен ұлттық компаниялар арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қарастырылды.

Кездесу соңында тараптар көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара қызығушылығын білдіріп, Үкіметаралық жұмыс тобы шеңберінде диалогты жалғастыруға келісті.