«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) «Автомобиль жолдарының конструктивтік элементтерінің, соның ішінде жол бойындағы абаттандыру нысандарының құрылыс, реконструкция, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден кейінгі жөндеу аралық мерзімдерін белгілеу» ведомстволық нормативтерінің жобасын әзірлеуде. Құжат алғаш рет барлық жұмыс түрлері мен жол бойындағы элементтер үшін бірыңғай әрі міндетті жөндеу мерзімдерін бекітеді. Ол республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға қолданылады және барлық қатысушылар үшін міндетті болады.
Бұған дейін жол саласында бірыңғай және нақты кепілдік мерзімдері болмаған. Параметрлер әр келісімшартта жеке белгіленіп, құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда айқынсыздық тудырып отырған. Жоба құрылыс пен барлық жөндеу түрлерінен кейінгі жол жамылғысы мен жол бойындағы элементтерге міндетті жөндеу аралық мерзімдері мен кепілдік кезеңдерін белгілейді. Енді кепілдік мерзімін ұзартуға технологиялық тәртіп пен материалдар сапасына қойылатын талаптардың сақталғаны дәлелденген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Жоба Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескере отырып жөндеу аралық мерзімдерді Еуроодақ, Қытай және ТМД елдерінің тәжірибелерімен салыстырды. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеге сүйене отырып негізді нормативтік мерзімдер орнатуға және жолдардың ұзақ қызмет етуі мен экономикалық тиімділігі арасында теңгерім сақтауға мүмкіндік береді.
«Алғаш рет жол бойындағы абаттандыру элементтерінің ұзақ қызмет ету мерзімдері бойынша нормалар енгізіледі. Мысалы, бұрын бірыңғай талаптардың болмауына байланысты жиектастар жиі жыл сайын ауыстырылатын. Енді олар үшін кепілдік мерзімі белгіленеді. Бұл мерзімінен бұрын ауыстыруды болдырмай, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға жол ашады», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ»-де.
Әзірлеушілердің айтуынша, құжатты енгізу жол сапасын арттырып қана қоймай, негізсіз жөндеулерді болдырмау арқылы айтарлықтай қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл мердігерлерге деген сенімді арттыру мен жол саласындағы ашықтықты қамтамасыз етудің тиімді құралдарының бірі болмақ.
Құжат бекітілгеннен кейін міндетті нормативтік акт мәртебесіне ие болып, бүкіл ел бойынша жоспарлау, келісімшарттар жасау және орындалған жұмыстарды қабылдау үдерісінің негізіне айналады.