Инспекция барысында ол кіреберіс және шығаберіс жолақтарын, автотұрақ алаңдарын, кірме жолдар мен бұрылыстарды қарап шықты. Сондай-ақ жол жамылғысының сапасына, жол таңбалары мен жарықтандыруға, өткізу бекетіне кіреберіс учаскелердегі қозғалыс қауіпсіздігіне және бекеттің жалпы жұмыс барысына ерекше назар аударды.
Төлеген Абдуллин кірме жолдардың өткізу мүмкіндігін, жүк және жеңіл автокөлік қозғалысының ұйымдастырылуын, жүргізушілерге арналған күту аймақтарының бар-жоғын және олардың қолайлылығын тексерді. Сонымен қатар ол жүк айналымы өсетін жағдайда жол инфрақұрылымының алдағы жүктемелерге дайындығын бағалады.
Тексеру нәтижесінде тозған учаскелерді жөндеу, қосымша ақпараттық белгілер орнату және қозғалыс ұйымдастыру сызбасын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Жалпы, көршілес мемлекеттермен бірлесіп өткізу бекеттерін үйлестіре жаңғыртуға арналған жол карталары бекітілді. Жоспарға сәйкес, оларды кезең-кезеңімен қайта құру 2029 жылға дейін жүргізіледі. 2025 жылы сегіз нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары басталмақ. Қазіргі таңда «Сырым», «Әлімбет», «Қосақ» және «Бесағаш» өткізу бекеттерінде жұмыстар жүріп жатыр, ал «Тасқала», «Жаңа жол», «Үрлітөбе» және «Қарасу» бекеттері бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Жаңғыртылған өткізу бекеттерінде автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізіліп, кеден және шекара қызметтерінің IT-платформалары біріктіріледі. Сондай-ақ жүктер мен жолаушыларды жедел рәсімдеуге арналған «жасыл дәліздер» ашылады. Бұл шаралар шекарадан өту уақытын айтарлықтай қысқартып, нысандардың жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашады.