Жүк көлігінің салмақ параметрлерін бақылау үшін цифрлық шешімдер енгізу туралы

Жүк көлігінің салмақ параметрлерін бақылау үшін цифрлық шешімдер енгізу туралы

Көлік министрлігі жүк автокөліктерінің салмағы мен габариттерін бақылауды толықтай цифрлық форматқа көшіру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Бұл — автожол инфрақұрылымын сақтап, көлік ағындарын тиімді реттеудегі маңызды қадам.

Бүгінгі таңда елімізде күнделікті жүк тасымалдайтын 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Ауыр жүк көліктерінің қарқынды қозғалысы, әсіресе рұқсат етілген салмақ нормалары бұзылған жағдайда, жол жамылғысының жай-күйіне айтарлықтай кері әсер етеді.

Жолдардың мерзімінен бұрын тозуына жол бермеу және шамадан тыс жүктемелерді болдырмау мақсатында 2025 жылдың соңына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу станциясын (АӨС) орнату жоспарлануда. Бұл станциялар тәулік бойы жұмыс істеп, көлік құралдарының салмағы мен габариттерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Жүйе заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, әкімшілік хаттамаларды жіберуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елімізде 59 АӨС орнатылған, олардың ішінде:
• 30 – республикалық маңызы бар жолдарда;
• 29 – жергілікті маңызы бар жолдарда.

Сонымен қатар, өңірлерде тағы 95 станцияны орнату жұмыстары жүргізілуде.

Құрылғы енгізілген сәттен, яғни өткен жылдың қыркүйек айынан бастап салмақ нормаларын бұзғаны үшін 3 284 хаттама жолданды. Цифрлық шешімдердің арқасында бұл көрсеткіш 12 есеге артты, бұл жаңа тәсілдің тиімділігін көрсетеді.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауыр салмақты автокөліктерді бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.

Аталған салада цифрлық технологияларға көшу — жол қауіпсіздігін арттыруға, жол жамылғысына түсетін жүктемені азайтуға және жолды ұзақ мерзімді пайдалануды қамтамасыз етуге ықпал етеді.