Ақтау қаласында Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді

Ақтау қаласында Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді

Ақтау қаласы «Достық үйі» ғимаратында «Теңіз және өзен көлігі» қызметкерлерінің күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға Ақтау және Құрық теңіз порттарының, жеке теңіз терминалдарының, кеме қатынасы және экспедиторлық компаниялардың қызметкерлері, салалық қауымдастықтар және Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Мерекелік іс-шара барысында Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, марапатталушыларға салалық төс белгілерін, құрмет грамоталарын және алғыс хаттарды табыс етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында биыл «Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің» кәсіби мерекесі бекітілген болатын, ол шілде айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

Сондай-ақ осы күні әлемде «Халықаралық теңізшілер» күні де атап өтіледі.

Мерекелік бағдарлама спорттық, мәдени-ойын-сауық және отбасылық іс-шаралармен жалғасып, 6 шілде күні Ақтау қаласының амфитеатрында өтетін концертпен аяқталады.

Бүгінгі таңда елімізде теңіз көлігі саласында 5 мыңға жуық жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Оның қатарында кеме экипажының мүшелері, капитандар, штурмандар, механиктер, ботсмандар, матростар, теңіз порттарының қызметкерлері стивидорлар, порт диспетчерлері, лоцмандар, порт қауіпсіздігі қызметкерлері және басқа да көптеген мамандықтар бар.

Қазақстан халықаралық теңіз ұйымының (ИМО) мүшесі болып табылады. Теңіз кеме қатынасы саласындағы халықаралық стандарттарды орындауда, қазақстандық теңізшілердің біліктілігі халықаралық деңгейде мойындалды.

Бүгінгі таңда біздің теңізшілер ашық теңізде табысты жұмыс істеп, өз саласының ең жоғары кәсіби мамандары екенін дәлелдеді.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының үздіксіз жұмыс істеуінің негізгі факторларының бірі: жүк тасымалдайтын, ауыстырып тиеуді және өңдеуді қамтамасыз ететін жоғары білікті мамандардың болуы болып табылады.

Көлік министрлігі сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына сәттілік пен табыс тілейді.