
2025 жылғы 30 мамыр күні Астана 2025 халықаралық форумы (AIF) аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаев пен CMA CGM компаниялар тобының вице-президенті Людовик Рену арасында кездесу өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы — Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы жүк тасымалдау көлемін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылау.
Министр өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Орта дәліз бойынша тасымалдау көлемі 10%-ға, ал контейнерлік тасымалдау 3 есеге артқанын, сондай-ақ Қытайдан келетін контейнерлік транзит 4 еседен астам өскенін атап өтті.
Рену мырза CMA CGM Қазақстандағы, Өзбекстандағы, Тәжікстандағы, Қырғызстандағы, Түркіменстандағы және Әзербайжандағы аймақтық кеңселері арқылы Орталық Азиядағы қызметін белсенді түрде дамытып жатқанын айтты. Бұл филиалдар логистикалық операцияларды басқаруда және аймақтағы тұтынушыларға жоғары сапалы көлік қызметтерін көрсетуде маңызды рөл атқарады.
Тараптар Орта дәлізді, контейнерлік тасымалдауды, Қазақстанның теңіз флотын бірлесіп дамыту бойынша ынтымақтастыққа келісті.
CMA CGM компаниялар тобы 1978 жылы құрылды. Оның бас кеңсесі Францияда (Марсель) орналасқан және ірі кемелер мен контейнерлерге ие әлемдегі үшінші компания.