Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Все материалы
26 марта 2025
Хабарландыру! Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесу өткізеді

Хабарландыру!

Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесу өткізеді

2025 жылғы 27 наурыз күні ҚР Көлік вице-министрі Ластаев Талғат Тлеубекұлы Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесу өткізеді.

Күн тәртібінде ҚР Көлік министрлігінің құзыретіне кіретін мәселелер.

Кездесу сағат 11:00-де Жезқазған қ., Ғарышкелер к-сі, 35 мекен жайы бойынша орналасқан Аманат партиясының ғимаратында өтеді.

Тұрғындар мен БАҚ өкілдерін кездесуге қатысуға шақырамыз.

Толық ақпарат үшін тел: WhatsApp+7 707 808 60 70 – Даулет Самбетбаев

20 марта 2025
Марат Қарабаев Abu Dhabi Commercial Bank өкілдерімен кездесу өткізді

Көлік министрлігі ғимаратында өткен кездесу көлік-логистика секторында инвестициялық ынтымақтастықты жолға қою мақсатында өткізілді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен қазірдің өзінде ынтымақтастық қалыптасқаны атап өтілді.

Келіссөздер барысында тараптар автожол, теміржол және теңіз көлігі сияқты салаларда инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс атқаруға ниет білдірді.

20 марта 2025
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі қоғамдық талқылау үшін «Ашық бюджеттер» порталында 2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жариялады

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі қоғамдық талқылау үшін «Ашық бюджеттер» порталында 2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жариялады. Қоғамдық талқылау мерзімі – кемінде 10 жұмыс күн.

ҚР КМ-нің 2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді қоғамдық талқылауына қатысу үшін келесі сілтеме бойынша өту қажет: https://budget.egov.kz

ЭСҚ-ның болуы міндетті түрде.

Белсенді қатысуыңызды сұраймыз.

20 марта 2025
Көлік министрі Марат Қарабаев Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті

Кездесу барысында көлік саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, атап айтсақ инфрақұрылымды дамыту, жаңа технология енгізу және т.б. мәселелер талқыланды. Жалпы ұзындығы 580 шақырымға жуық Жезқазған – Қарағанды жобасына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, кездесу барысында Дүниежүзілік банк өкілдері авиация және теміржол саласындағы жобаларға қызығушылық танытты.

Тараптар бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, жоспарланған жобаларды сәтті іске асыру үшін одан әрі өзара жұмыстануға дайын екендерін айтты

19 марта 2025
Жүк көлік жүргізушілерінің назарына

ҚР Көлік министрлігі автокөлік құралдарымен жүк тасымалдаудың негізгі ережелерін еске салады.

- Мемлекеттік нөмірсіз автокөлік құралдарын басқаруға Заңмен тыйым салынған.

- Көліктік бақылау инспекторларының заңды талаптарын орындамау – қатаң жазаға әкеп соғады.

- Жол қозғалысы ережелерін ғана қатаң түрде сақтап қоймай, сонымен қатар жұмыс уақыты мен демалыс режимін де сақтау қажет.

- Автокөлік құралдарының белгіленген салмақтық параметрлерінен асатын жүктерді тасымалдауға тыйым салынады. Аталған нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Осылайша, автокөлік құралдарының рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан (тоннамен) аспауы тиіс:

  1. үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
  2. төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
  3. бес осьті – 38 тонна;
  4. алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

            «Елордалық Қызылжар бекетінде мемлекеттік нөмірсіз жүк автокөлік құралын басқару дерегі тіркелді. Сондай-ақ жүргізуші көліктік бақылау инспекторының автокөлік құралын тоқтату туралы талабын елемеген. Нәтижесінде жүргізуші жауапқа тартылып, үш тәулікке қамауға алынды. Одан басқа, жоғарыда сөз етілген тасымалдаушыға 50 тоннадан астам жүк тиегені үшін, сонымен қатар арнайы тауар-көліктік жүкқұжатының және жол парағының болмауы үшін 2 млн.тг жуық айыппұл салынды», – деп жақында болған жағдай жайлы ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің қызметкерлері мәлімдеді.

19 марта 2025
«Астанаэнергосерсвис» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы жобасының ХАБАРЛАНДЫРУ

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы жобасы орналасқаны туралы хабарлайды.

Аталған Қаулы жобасы бойынша қоғамдық талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз.

Толығырақ:

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15496574

19 марта 2025
Ерекше қажеттілігі бар жандарды алып жүретін адамдар теміржол билеттерін 50% жеңілдікпен сатып ала алады — ҚР Көлік министрлігі

Еліміздің көлік ведомствосы жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Жаңартылған нормалар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін тұлғаларға арналған жеңілдіктерді кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды алып жүретін жандардың жол жүру құнына 50% жеңілдік беру ұсынылып отыр (теміржол билеті).

Сонымен қатар, енді ерекше қажеттілігі бар азаматтардан пойызға міну кезінде медициналық мекемелерден алынатын анықтамалар мен құжаттарды көрсету талап етілмейді. Көлік ведомствасы бұл рәсімді Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің 44-тармағынан құжат тапсыру талабын алып тастау арқылы жеңілдетуді көздеп отыр. Енді қажетті ақпарат автоматты түрде арнайы деректер базасы арқылы тексеріледі. Бұл шаралар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғауға бағытталып отыр.

Аталған жаңашылдықтарды ҚР Көлік министрлігіне қарасты Теміржол және су көлігі комитетінің мамандары дайындады. Қазіргі уақытта бұл өзгерістер мақұлдау сатысында тұр. Ережелерді 2025 жылдың екінші жартысында күшіне енгізу жоспарда бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жүретін пойыздарға 50% жеңілдік қарастырылған. Жолаушылардың ыңғайлы жүруін қамтамасыз ету мақсатында отандық «ЗИКСТО» зауытымен 157 жаңа жолаушылар вагонын жеткізу туралы келісім жасалды. Оның ішінде 14 вагон мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген. Биыл 4 вагон пайдалануға берілді, тағы 10 вагон жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2025-2030 жылдар аралығында «Штадлер – Қазақстан» зауытымен жасалған келісім аясында елімізге тағы 557 жолаушылар вагоны жеткізіледі. Оның 35-і ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арналған арнайы купелермен жабдықталады.

Уәкілетті орган мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Теміржол құрамынан бөлек, вокзал инфрақұрылымын да бейімдеу жұмыстары қолға алынған. Биылғы теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту аясында вокзалдар мен перрондарға пандустар орнатылады, арнайы көтергіш құрылғылар енгізіледі және тактильді бағыттаушы жолақтар салынады.

18 марта 2025
Қазақстан мен Қытай бірлесіп қандай көлік саласындағы жобаларды қолға алды – салалық ведомствоның мәліметі

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Бейжіңде өтетін Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің 12-отырысы қарсаңында 16-17 наурыз күндері Көлік министрі Марат Қарабаев Қытайдың жетекші компанияларымен бірқатар келіссөз жүргізді.

1.Авиация саласындағы ынтымақтастық мәселелері, атап айтсақ, «CAMC Engineering» компаниясының президенті Ли Хайсинмен Қытайдан Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жүк транзитін қамтамасыз ететін әуехаб құру мәселесі талқыланды. Тараптар бұл бастаманы ведомствоаралық деңгейде одан әрі пысықтауға келісті.

2.Тачэн округі партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэймен кездесуде шекара инфрақұрылымын тексеріп, оның өткізу әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен қадамдар жасауға келісті. Сондай-ақ, Қытай тарапы аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

3.«Chinacai Finance Investment Co., Ltd.» компаниясының басқарушы серіктесі Линь Цзяньцзюньмен бірге құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестиция тарту арқылы технологиялық және логистикалық парк салу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, тараптар Бақты шекара бекетінде заманауи уақытша сақтау қоймасын ашуға ортақ қызығушылық танытты.

4.Қазақстанда арнайы техника өндірісін жергілікті деңгейде дамыту мәселесі бойынша XCMG компаниясының вице-президенті Лю Цзяньсэнмен келіссөз жүргізілді. Тараптар еліміздегі жол-құрылыс техникасына деген сұраныстың артуына байланысты бірлескен өндіріс құру мәселесін қарастырып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті.

5.China Henan Aviation компаниясының бас директорының орынбасары Цяо Чангенмен Түркістан қаласының әуежайын дамыту жобасын бірге іске асыру жайы талқыланды. Жобаға Түркістан облысы әкімдігі де қатысады.

6.China Silk Road Fund қорының бас директоры Цай Сюэсюньмен өткен кездесуде Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасына шетелдік инвестиция тарту мәселесі талқыланды. Инвесторлардың қызығушылығы автожолдарды қайта жаңарту, теміржол желілерін кеңейту, порт инфрақұрылымын дамыту және басқа да стратегиялық жобаларға бағытталмақ. Қаржы институты өңірлік және халықаралық сауданы ілгерілетуге арналған жобаларға қаржы құюға дайын екенін білдірді.

7.«SP Qingdao Port Group» директорлар кеңесінің мүшесі Чжан Баохуамен өткен кездесуде Қазақстандық порттарды одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Тараптар порттардың инфрақұрылымын жаңғырту, өткізу қабілетін арттыру және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жайын сөз етті. Сондай-ақ, порттарды дамытуға заманауи технологияларды енгізу және логистикалық процестерді тиімді ұйымдастыру арқылы олардың жұмысын жақсарту мәселелерін қарады.

8.China Communications Construction Company төрағасы Ван Тунчжоумен келіссөздер барысында Қазақстанда теміржолдар салу және порт инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылды.

18 марта 2025
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы жобасы орналасқаны туралы хабарлайды

ХАБАРЛАНДЫРУ Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі «Ашық НҚА» порталында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі «Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 862 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы жобасы орналасқаны туралы хабарлайды.

Аталған Қаулы жобасы бойынша қоғамдық талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз.

Толығырақ: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15495584 

17 марта 2025
Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында

Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті.

2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.

Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Аталған жұмыстың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.

Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.

Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мың бірлікті құраған жеңіл автомобильдердің саны 134 мың бірлікке дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркелді.

Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды. Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады.

Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді.

Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллионтеңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.

Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.

Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды.

Мемлекет басшысының белсенді дипломатиялық күш-жігерінің арқасында өзге елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып келеді. Нәтижесінде, соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті.

Экспорт құрылымында өңделген тауарлар үлесінің артуы атқарылған жұмыстың елеулі нәтижесі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың шетел нарықтарына экспорты 28,8 миллиард долларға жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен құрылғылар экспортының үлесі 1,1%-дан 5,8%-ға дейін артты. Экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі де барған сайын азайып, 2018 жылғы 74,5%-дан 2024 жылы 63,5%-ға дейін төмендеді.

Президенттің басшылығымен еліміздің инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді: республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңірлерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады. Бұл технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта отандық өндірістің қуатын барынша тартуға маңыз берілетінін айта кетеу керек. ТКШ саласы үшін өнім шығаратын кәсіпорындардың әлеуетін толық пайдалану жоспарланып отыр. Қазақстандық компаниялардың жоспарланған өнім көлемі шамамен 3,5 триллион теңгені құрайды.

2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ құрады. Халық санының өсуін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескере отырып, энергия тұтыну одан әрі арта түседі деп болжанып отыр. Осыған орай Президент тапсырмасы бойынша ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды.

Сондай-ақ құрылыс индустриясы да рекордтық өсу қарқынын көрсетіп отыр. 2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 миллион шаршы метрге немесе 51,4%-ға артып, 19 миллион шаршы метрге жетті. 2019–2024 жылдар аралығында барлығы 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қазақстандық ондаған мың отбасыға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етті.

Сонымен қатар жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында. Соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды, оның ішінде Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және басқа да күре жолдарды реконструкциялау аяқталды. 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сондай-ақ кейінгі алты жылда 250-ге жуық жол бойындағы сервистік жаңа нысандар салынды. Жол бойында ұлттық стандартқа сай келетін қызмет көрсету нысандарының үлесі 52%-дан 90%-ға дейін ұлғайтылды.

Теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдау көлемінің өсуімен қатар жолдарды жөндеу жұмыстарына деген қажеттілік те арта түсуде. Жыл сайынғы күрделі жөндеу көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 41%-ға өсті. Алты жыл ішінде барлығы 3 мың шақырым теміржолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші желісінің құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін арттырады. Сондай-ақ Алматы бекетін  айналып өтетін теміржол желісі де Алматы торабының жүктемесін 40%-ға жеңілдетеді. 

Аталған жобаларды іске асыру Еуропа мен Қытай арасындағы жүк айналымын, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

2019 жылдан бері теңіз көлігі арқылы тасымалдау көлемі 20%-ға өсті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша айтарлықтай өсім қалыптасып отыр. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебінен ТХКБ арқылы транзиттік тасымал көлемі 2019 жылдан бері алты есеге (2024 жылы – 4,5 миллион тонна), қазақстандық өнім экспорты 12 есеге өсті. Мемлекет басшысы жариялаған Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз жаңа тас жолы аталған бағытқа тың серпін бермек.

Елімізді газдандыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басында 12 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. 2024 жылы 1,7 мың шақырымнан астам газ желілері салынды. Биыл елді мекендерді газдандыру бойынша тағы 45 жоба іске асырылуда, бұл газбен қамтылғандарды 12,4 миллион адамға дейін, ал газдандыру деңгейін 62%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Басым міндеттердің бірі – қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды: егер 2019 жылы сумен жабдықтау қалаларда 97,2% және ауылдарда 86,4% болса, бүгінде бұл көрсеткіштер тиісінше 99,4% және 97,8%-ға жетті. 6 256 ауылдың ішінен 5 523 ауыл сумен қамтылды. Қалған 833 ауыл осы жылдың соңына дейін таза суға қол жеткізеді. Соның ішінде 238 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері салынады, 595 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Астанадағы ауызсу тапшылығы мәселелерін шешу үшін Президент тапсырмасы бойынша 2023 жылы қуаттылығы тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Сәтбаев атындағы каналдан су құбырын тарту жұмыстары басталды. Бұл елорданы сумен қамтамасыз ету мәселесін ұзақ мерзімге шешуге мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды жаңарту, газбен жабдықтау және жол құрылысымен қатар адамдарды төтенше жағдайлардан қорғау да маңызды орын алады. Қайғылы оқиғалар тізбегі ТЖ қызметтерінің материалдық-техникалық жарақтандыру ісінің түйткілді мәселелерін ашып берді.

Президенттің тапсырмасы бойынша апаттық-құтқару жұмыстарын шұғыл әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи апаттық-құтқару техникалары, құрал-жабдық үлгілері сатып алынды. Соңғы алты жылда жабдықталу деңгейі 53%-дан 64%-ға дейін өсті және одан әрі өсе бермек.

Аталған шаралар төтенше жағдайларға қарсы дайындық деңгейін жақсартып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті де арттыруға ықпал етеді. Халықты құлақтандыру жүйесі сияқты жаңа технологиялар қолданыла бастады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілі ТЖ қызметтерін дамытуды ғана емес, сонымен қатар «Заң мен Тәртіп» қағидаты шеңберінде қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды күшейтуді де қамтиды. 2019 жылдан бері қылмыс деңгейі 52%-ға, қоғамдық орындарда 60%-ға төмендеді.

Азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық берілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу туралы үнемі айтып келеді. Осы саясат шеңберінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған, ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жазаға жатқызуды көздейтін заң қабылданды. Ол бұрын тек әкімшілік нормалармен реттеліп келген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақында ғана өскелең ұрпақты қолдау шараларын жүйеге келтіруге және күшейтуге бағытталған «Қазақстан балалары» атты жаңа біртұтас бағдарламаны ұсынды.

Биылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент біздің еліміз әлеуметтік мемлекет болып табылатынын тағы да атап өтті. Әрі бұл әлеуметтік көрсеткіштердің өсуі бойынша мемлекеттің нақты шараларынан көрініс тауып отыр.

Соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл шамамен 2 миллион азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті.

600 мыңға жуық педагогтың жалақысы екі есеге артты, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға көтерілді, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы екі есеге ұлғайтылды. 

Көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілді, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді.

2019 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру және скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті.

2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы сияқты маңызды мекемелер бар.

Президенттің «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасының арқасында, бала сүйе алмаған отбасыларда 2021 жылдан бері 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді.

Денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға, әсіресе ауылдық жерлерді қажетті мамандармен қамтуға ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 8,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Тұрғын үй мәселелерін шешудің қолжетімді құралдары бар.

Білім беру саласында атқарылып жатқан іс-шаралар мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жоюға, білім сапасын жақсартуға, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған. Соңғы алты жылда 1 367 балабақша ашылып, кезекте тұрғандардың санын 5 есеге қысқартуға қол жеткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

2019 жылдан бері елімізде рекордтық көлемде – 1 200 мектеп салынып, 1 миллионға жуық оқушы орны ашылды.

Ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды. Бұл 32 апатты жағдайдағы және 71 үш ауысымды мектептің мәселесін, сондай-ақ еліміздегі 200 мектептегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді.

Биыл шамамен 200 мектептің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 мың мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өте маңызды бағыт, өйткені еліміздегі орта мектептердің 2/3 бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан.

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың серпін берді. Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекемесін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды. Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға ұлғайтылды. ЖОО студенттеріне арналған 62 мың орындық 251 жатақхана пайдалануға берілді.

Ғылыми кадрларды қолдау да ерекше маңызға ие, әсіресе соңғы алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі алты есе өсіп, 46%-ды құрағанын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түскенін байқауға болады. Ол үшін докторантураға бөлінетін білім беру гранттарының саны артып, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері кеңейе түсуде.

Ғылыми жетістіктерді нақты экономика секторына енгізу және оларды коммерцияландыру – маңызды бағыттардың бірі. Биыл 2 297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1 055 жоба іске асырылып жатыр.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға келетін болсақ, бүгінде 208 жоба қолданысқа сәтті енгізілді, 180-нен астам өндіріс сатылым кезеңіне шықты. Коммерцияландыру жобаларының еліміздің экономикасындағы жалпы үлесі 118,7 миллиард теңгені құрады. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 25 жоба экспортқа шықты, 6 жобаның сатылым көлемі 1 миллиард теңгеден астам сомаға жетті.

Спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Алты жыл ішінде өңірлерде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 58 бассейн салынды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 40-қа, яғни 481-ден 521-ге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың үлесі 31,5%-дан 41,4%-ға немесе 5,9 миллион адамнан 8,4 миллион адамға дейін өсті.

Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау жөніндегі тапсырмасы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың пәрменді құралына айналды.

Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында 280-ге жуық жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ инженерлік желілер мен су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға 194 миллиард теңгеден астам қаражат аударылды.

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу міндетіне басымдық беріп отыр. Бұл экономикалық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс.

Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайта отырып және осы бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап келеді.

Бұл сала бойынша еліміздің бәсекелестік артықшылықтары жетерлік. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олардың тиімділігі мен жедел дамуын қамтамасыз етті. Балабақшаларда «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян» және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, «Бизнестің цифрлық картасы» және басқа да жобалар әзірленуде.

Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі екі еседен астам, 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өсті.

ЖИ дамуына жәрдемдесу үшін Президент тапсырмасы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында қаржыландырудың мақсатты көлемі 1 миллиард долларды құрайтын Qazaqstan Venture Group қорларының венчурлық қоры құрылды.

Қор Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялық жобаларына басымдық бере отырып инвестиция салады.

Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.

Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталының даму әлеуеті жоғары екенін ерекше атап өтті. Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады.

Көріп отырғанымыздай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тегеурінді басшылығымен Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің орасан зор әлеуетін толық іске асыратынына сенімдімін.

 

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов

Социальные сети
komitettransporta
ҚР ИИДМ Көлік комитеті
Комитет транспорта МИИР РК
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы