Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Жоба Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Starlink спутниктік интернеті 31 бағытта қатынайтын 59 пойыз құрамында қолжетімді. Бұл 770-тен астам вагонды қамтиды. Қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр.
Төмен орбиталы OneWeb және Starlink спутниктік жүйелерін пайдалану бойынша алғашқы сынақ жобалары 2025 жылы Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында жүзеге асырылды. 2026 жылы жоба кең көлемде іске асыру кезеңіне өтті.
Қазір спутниктік интернет жолаушылар көп қатынайтын бірқатар бағыттарда қолжетімді. Атап айтқанда, Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттарында интернетке қосылуға болады.
Спутниктік интернеттің енгізілуі жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен сапар жайлылығын арттыруға, сондай-ақ, пойыздарда заманауи цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Енді пойыздағы уақытты тек жол жүруге жұмсау міндетті емес. Жолаушы сапар барысында жақындарымен байланысып, жұмыс мәселелерін шеше алады, онлайн оқи алады, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдаланып, қажетті интернет сервистеріне қол жеткізе алады.
Спутниктік байланыс арнасы арқылы интернетке қосылу жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктік технологияны пайдалану теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Мұндай аумақтарда дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі.
Жолаушыларға интернетті пайдаланудың тегін базалық пакеті ұсынылады. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламалар алмасуға қосымша ақы алынбайды. Ал интернеттегі басқа да сервистерді кеңінен пайдаланып, трафик көлемін ұлғайтқысы келетін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер ұсынылған.
Спутниктік интернеттің енгізілуі пойыздарда мультимедиялық, ақпараттық және өзге де цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік беретін технологиялық негіз қалыптастырады.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде Оман Сұлтанаты Корольдік полициясының делегациясымен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Қазақстан тарапы Оман делегациясына еліміздің теміржол саласының қазіргі жағдайы мен даму жайы, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, транзиттік-көлік әлеуетін кеңейту, сондай-ақ отандық теміржол машина жасау саласын дамыту туралы ақпарат ұсынды.
Өз кезегінде Оман Сұлтанатының өкілдері Оманда теміржол инфрақұрылымын дамыту жоспарларына байланысты Қазақстанның тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар, сапар аясында Оман делегациясы отандық теміржол машина жасау кәсіпорындары – «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ және «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-не барды. Қонақтарға кәсіпорындардың өндірістік қуаттары, технологиялық үдерістері және шығарылатын локомотивтік техникасы таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасуды жалғастыру және теміржол көлігі саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға өзара қызығушылық білдірді.
Бүгінде көлік саласында 870 мың адам жұмыс істейді. Яғни, әрбір оныншы адам көлік саласында еңбек етеді. Соңғы жылдары көлік саласының дамуына байланысты салаға 57 мыңға жуық маман қажеттілігі туындады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.
Министр жұмысшылардың басым бөлігі автомобиль және теміржол көлігі, жол құрылысы мен логистика сала мамандары екенін атап өтті. Олардың ішінде машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, пилоттар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктерге сұраныс жоғары.
Көлік саласына жастарды тарту үшін бірқатар істер атқарылып жатыр. Оның ішінде бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу, мамандық таңдауға көмектесу, өндірістік тәжірибе өткізу бар. Осы шаралар студенттерге болашақта өз жұмыс орнын табуға көмек береді.
Бүгінде көлік саласына мамандарды 37 жоғары оқу орны мен 47 колледжде дайындайды. Оларда 44 мыңға жуық студент білім алуда. Оның 28 мыңнан астамы мемлекеттік грант есебінен оқиды.
Министрдің айтуынша, басты мақсат – көлік саласына нақты қажет мамандарды оқыту, және болашақта керек мамандарды дайындау.
Қазіргі кезде, технологияның өзгеруіне байланысты, көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет. Автожол саласында олар – BIM цифрлық жобалаушылары, «ақылды жолдар» мамандары және құрылыс роботтың операторы. Теміржол саласы мен логистикада цифрлық логистер және автоматика мамандары. Авиацияда – жасанды интелектпен істейтін диспетчерлер, әуе қозғалысының ИИ-жобалаушы, пилотсыз техниканың операторы.
Мұндай кадрларды даярлау үшін Көлік министрлігі мемлекеттік органдармен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп білім беру бағдарламаларын жаңарту және мамандар даярлаудың жаңа бағыттарын дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі әуе қатынасының географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді.
Ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап «SCAT» әуе компаниясы Шымкент – Сингапур бағыты бойынша жаңа рейсті іске қосады. Рейстер аптасына екі рет орындалатын болады.
Аталған рейстің ерекшелігі – қазақстандық әуе компаниясының Қытай аумағы арқылы транзитпен ұша отырып, «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығын пайдалануы. Яғни жолаушылар Қытайдың Санья қаласына дейін ұшып, одан әрі Сингапурға сапарын жалғастыра алады.
Осылайша, әуе компаниясы жолаушыларды тек Қазақстан мен Сингапур арасында ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Сингапур арасында да тасымалдауға мүмкіндік алады.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы туризм, инвестициялық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінгі таңда еліміздің негізгі автомобиль бағыттарының бойында Қазақстанның 13 өңірінде орналасқан 62 электр көліктерін қуаттандыру станциясы (ЭҚС) жұмыс істейді. Оларды дамыту өңірлер арасында қатынайтын электромобиль иелері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Станциялардың ең көп саны Алматы және Жамбыл облыстарында — 12-ден, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарында — 8-ден орналасқан. ЭҚС Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да жұмыс істейді.
Атап айтқанда, желі елдің әртүрлі көлік бағыттарын қамтиды. Мысалы, «Астана – Алматы» автожолында 13 станция, «Астана – Петропавл» бағытында 7, «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станция орналасқан.
Халықаралық көлік дәліздері бойында зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында 19 электр зарядтау станциясы орнатылған.
Орнатылған ЭҚС-тардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейінгі аралықты құрайды. Бұл электромобиль иелеріне негізгі республикалық және халықаралық бағыттар бойынша сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
ЭҚС желісін одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспарда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 27 жаңа автожанармай құю станциясын салу көзделген, ал электр көліктерін қуаттандыру станцияларын сол жоспарланған нысандарда орналастыру қарастырылған. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында 7 ЭҚС орнату жоспарлануда.
Көлік министрлігі жол саласындағы ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа объектілер салу және қолданыстағыларды Ұлттық стандарттың талаптарына сәйкестендіру мәселелері бойынша жол бойындағы сервис нысандарының жеке инвесторлары мен иелерімен жұмыс жүргізуде.
Түркістан облысында Сарыағаш станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды. Вокзалды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан елдің теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.
Қайта жаңғырту барысында жолаушылар және қызметтік бөлмелер, инженерлік коммуникациялар, шатыр және оған іргелес аумақ жаңартылды. Қасбетте ұзақ мерзімді фиброцемент тақталары орнатылған, жертөле қазақстандық өндірістің гранит плиткаларымен қапталған. Энергия үнемдейтін екі қабатты терезелері бар алюминий витраждар бұрынғы әйнектермен алмастырылды.
Вокзал ішінде тозуға төзімді және жанбайтын материалдарды пайдалана отырып, жаңа әрлеу жасалды, еден жабындары, төбелер және инженерлік желілер жаңартылды. Заманауи жылу оқшаулағышы бар шатыр толығымен ауыстырылды.
Қайта құрудан кейін вокзал жайлылыққа, қауіпсіздікке және энергия тиімділігіне қойылатын заманауи талаптарға сай келеді.
Сарыағаш вокзалының тәуліктік жолаушылар ағыны 255 жуық адам. Станция арқылы Алматы, Шу, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе және Қандыағаш қалаларына, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан қалаларына баратын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ Атырау қаласындағы Орталық көпірді кешенді тексеруге кірісті. Мамандар ұзындығы 260 метр болатын нысанның қазіргі техникалық жай-күйін бағалап, оны әрі қарай қауіпсіз пайдалану шарттарын айқындайды.
Тексеру аясында геодезиялық өлшеулер жүргізіліп, бетонның беріктігі анықталады, тірек бөліктері мен көпірдің басқа да конструкциялық элементтерінің жай-күйі тексеріледі. Кешенді жұмыстар ықтимал деформацияларды анықтауға және құрылыстың нақты жағдайы туралы объективті деректер алуға мүмкіндік береді.
Егжей-тегжейлі талдау жүргізу үшін ҚазжолҒЗИ мамандары көпірдің цифрлық көшірмесін әзірлеуде. Цифрлық модель өлшеулер мен тексерулердің нәтижелерін біріктіріп, бақылау есептерін жүргізуге, жекелеген элементтердің жұмысын талдауға және әртүрлі жүктемелер кезіндегі конструкциялардың жай-күйін болжауға мүмкіндік береді.
Цифрлық көшірме Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесіне (КПБЖ) енгізіледі. Бұл нысанның техникалық жай-күйі туралы мәліметтерді жүйелеуге, жүргізілген тексерулердің нәтижелерін жинақтауға және алынған деректерді алдағы пайдалану іс-шараларын жоспарлау кезінде қолдануға мүмкіндік береді.
«Орталық көпір қаланың көлік жүйесі үшін маңызды нысан болып саналады. Жергілікті атқарушы органдардың оны кешенді тексеру туралы шешімі мұндай құрылыстарды пайдалану ғылыми негізделген тәсілді қажет ететінін түсінетінін көрсетеді. Зерттеулер, сынақтар мен инженерлік есептеулер нысанның қазіргі жай-күйін объективті бағалауға және алдағы уақытта қабылдануы тиіс шараларды айқындауға мүмкіндік береді», - деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ Көпір құрылыстары, автомобиль жолдарының диагностикасы және қауіпсіздігі департаментінің директоры Шалқар Қайсар.
Жұмыстың негізгі кезеңдерінің бірі динамикалық сынақтар болып табылады. Олар пайдалану жүктемелерінің әсері кезінде көпір конструкцияларының нақты жұмысын бағалауға және алынған көрсеткіштерді есептік параметрлермен салыстыруға мүмкіндік береді.
Кешенді тексеру, сынақтар мен бақылау есептеулерінің қорытындысы бойынша ҚазжолҒЗИ техникалық қорытынды дайындайды. Құжатта Орталық көпірдің қазіргі жай-күйіне баға беріліп, оны әрі қарай қауіпсіз пайдалануға қатысты ұсынымдар ұсынылады.
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда.
Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жоба жолаушылар инфрақұрылымын кешенді жаңартуға және еліміздің барлық өңірлерінде азаматтар үшін заманауи, қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Нысандардың техникалық жағдайына қарай қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, кейбір елді-мекендерде жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар нысандарда ғимараттардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдары күшейтілді, конкорстар салынды, жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды.
Қайта жаңғырту аясында барлық нысандарда шатыр мен қасбеттер жаңартылып, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері ауыстырылды. Сондай-ақ нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды.
Вокзалдар заманауи жиһаздармен және навигациялық жүйелермен, желдету және ауа баптау жүйелерімен, бейнебақылау, өрт және күзет дабылдарымен, сондай-ақ кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталуда. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылуда.
Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Вокзалдар пандустармен, лифтілермен және көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру түймелерімен, бейімделген санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталуда.
Вокзалдарды реконструкциялау және қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңартуға және азаматтардың қажеттіліктеріне сай келетін заманауи кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысында 1905 жылы салынған Жем станциясының вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.
Қайта жаңғырту барысында вокзалдың бір қабатты ғимараты жаңартылып, оның ауданы 387,5-тен 421,2 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Қасбет, нысанның іші, инженерлік жүйелер мен инфрақұрылым элементтері жаңартылды.
Вокзалдың қасбеті заманауи фиброцемент тақталармен қапталған. Ішінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, аспалы төбелер орнатылды және еден жабындары жаңартылды. Қайта құру кезінде керамогранит, сырғымайтын керамика және модульдік винил тақталары қолданылды. Материалдардың негізгі бөлігі Қазақстанда өндірілген.
Вокзалды қайта жаңғырту жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға, жайлылық пен қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ тарихи ғимараттың сыртқы келбетін жаңартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде вокзалдың орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 332 адамды құрайды. Станция арқылы Ақтөбе, Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шу, Түркістан, Шымкент, Қызылорда және Қазалымен байланыстыратын 24 жолаушылар пойызы өтеді. Сондай-ақ, пойыздар Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанға қатынайды.
2026 жылғы 20–22 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді. Бұл – авиациялық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік саласындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың бірі. Қазақстан алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен авиациялық әкімшіліктердің басшыларын және авиация саласының өкілдерін біріктіретін жаһандық форумның өткізу алаңына айналады.
ИКАО басшыларды, реттеуші органдарды, сала өкілдерін және жетекші сарапшыларды біріктіретін ірі халықаралық іс-шараларды өткізеді. Авиациялық қауіпсіздік апталығын Астана қаласында өткізу Қазақстанның ИКАО-мен халықаралық ынтымақтастығы жоғары екенін және ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік көрсеткіші 95,7% болатын Қазақстан әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына кіреді және қазіргі уақытта Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ел болып табылады.
Өңірлік деңгейдегі іс-шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар Қазақстан енді жаһандық деңгейге көтеріліп отыр. Бұл еліміз үшін де, халықаралық авиация қауымдастығы үшін де маңызды оқиға.
«Күрделі әлемдегі қауіпсіз аспан: баршаға арналған авиациялық қауіпсіздікті арттыру» тақырыбында өтетін ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығына ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласардың, сондай-ақ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдерінің келуі күтілуде.
Бүгінде азаматтық авиация қауіпсіздік саласындағы жылдам өзгеріп жатқан орта жағдайында жұмыс істеуде. Дәстүрлі қауіп-қатерлермен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына, киберқауіптердің өсуіне, ұшқышсыз әуе кемелерінің таралуына, сондай-ақ қарулы қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздықтың салдарына байланысты жаңа тәуекелдер туындауда.
Осы жағдайда авиациялық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарын қорғау, саланың киберинциденттерге мобильділігін арттыру, ұшқышсыз әуе кемелерін пайдалануға байланысты қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау, тәуекелдерді бағалау тәсілдерін жетілдіру және, оның ішінде қақтығыстар жағдайында, ақпарат алмасудың тиімділігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында іс-шараға қатысушылар тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу мәселелерін, кадрлық әлеуетті дамыту және авиациялық қауіпсіздік жүйелерін нығайту бағыттарын талқылайды. Азаматтық авиация қызметінің қақтығыстар жағдайындағы тәуекелдерін бағалаудың практикалық тәсілдерін жетілдіруге және ақпарат алмасуды дамытуға ерекше назар аударылады.
Талқылаулар ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспары (GASeP) және ИКАО-ның тұрақты мониторинг жүргізілетін Авиациялық қауіпсіздік аудитінің әмбебап бағдарламасы (USAP-CMA) сияқты негізгі жаһандық бастамаларын іске асыру аясында өтеді.
ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы 2027 жылы өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға (HLCAS/3) халықаралық авиация қауымдастығының дайындығының маңызды кезеңіне айналады. Астанада өтетін іс-шара жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды басымдықтар мен тәсілдерді талқылауға мүмкіндік береді.