Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі тұрақты негізде әуе қатынасының географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.
15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Түркияның SunExpress әуе компаниясының өкілдерімен кездесті.
SunExpress әуе компаниясы Измир – Астана жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 2 рет – сәрсенбі және сенбі күндері Boeing 737 әуе кемелерімен орындалады.
Сонымен қатар, 25 қазаннан бастап әуе компаниясы Алматы – Измир қолданыстағы бағыты бойынша рейстер санын аптасына 2-ден 3 рейске дейін арттырады.
Әуе қатынасының ашылуы және рейстер санының артуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
2026 жылғы 15-16 қазанда Астана қаласында Қазақстанның Көлік апталығы аясында, XXIX «TransLogistica Kazakhstan 2026» халықаралық көрмесімен қатар, VIII «NEW SILK WAY» бизнес-форумы өтеді.
Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистика саласындағы бизнестің және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін біріктіреді.
Форумның іскерлік бағдарламасы ЕАЭО, ЭЫҰ және ТМД шеңберінде көлік министрлері мен бейінді органдар басшыларының кездесулері мен отырыстарын, сондай-ақ негізгі халықаралық көлік дәліздерін, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ), Трансауған көлік дәлізін және «Солтүстік – Оңтүстік» ХКД дамытуға арналған іс-шараларды қамтиды.
Форумның негізгі іс-шарасы «Цифрлық Жібек жолы: жасанды интеллект және логистиканың цифрлық технологиялары» тақырыбындағы стратегиялық сессия болады.
Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдері мен сарапшыларды Форумның іскерлік бағдарламасына белсенді қатысуға шақырамыз.
Тіркелу үшін сілтеме: https://newsilkwayforumkz.com/
Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстанда қалалық әуе мобильділігі (UAM), ұшқышсыз авиация және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқару технологияларын дамыту бойынша жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Көлік саласын цифрландыру бағытындағы негізгі құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі (MOLIT) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.
Құжатқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және MOLIT министрі Ким Юн Док қол қойды.
Меморандум технологиялар трансферін жүзеге асыруға, ұшқышсыз авиациялық жүйелердің қозғалысын басқару жүйесін (UTM) әзірлеуге және енгізуге бағытталған. Сондай-ақ құжат UTM саласында толыққанды үкіметаралық келісім дайындау мүмкіндігін қарастырады.
Жобаны практикалық іске асыру бойынша уәкілетті серіктестер ретінде Корея Республикасының мемлекеттік Korea Airports Corporation (KAC) корпорациясы және қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы айқындалды.
Ынтымақтастық төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқаруға арналған заманауи цифрлық технологиялар мен шешімдерді Қазақстанға беру және жергілікті жағдайға бейімдеуді, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерді, eVTOL әуе кемелерін және әуе көлігінің басқа да түрлерін Қазақстанның бірыңғай цифрлық экожүйесіне қауіпсіз интеграциялауға қажетті технологиялық негіз қалыптастыруды көздейді.
Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстанда UTM жүйесін жергілікті деңгейде енгізу үшін қажетті технологиялар мен цифрлық шешімдерді беру жоспарлануда. Бұл технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, жүйені жергілікті деңгейде басқаруға және деректерді Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес өңдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа технологияларды қауіпсіз енгізу мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жобаға қатысушылар үшін эксперименттік құқықтық режимді және мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын қолдану мүмкіндігін қарастырады.
Жобаны іске асыру барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) қолданыстағы халықаралық стандарттары мен ұсынылатын практикасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау саласындағы талаптары ескерілетін болады.
KAC пен AAAG ынтымақтастығы Қазақстанда қалалық әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастыру жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін, eVTOL әуе кемелеріне арналған инфрақұрылымды, вертипорттарды және ұшқышсыз логистикаға арналған шешімдерді дамытуды қамтиды.
Alatau City Қазақстанда UTM-нің озық шешімдерін практикалық енгізу және заманауи әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастыру бойынша алғашқы алаң болады.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мен жолаушылардың Тараз теміржол вокзалын реконструкциялау кезеңінде вагондарға өту тәртібін ұйымдастыру мәселелері бойынша келіп түскен өтініштеріне байланысты ҚР Көлік министрлігі нысанға комиссиялық тексеру жүргізді.
Комиссиялық тексеруге ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Тексеру барысында жолаушылардың вагондарға өтуін ұйымдастыру мәселесі зерделеніп, ықтимал проблемалық учаскелер анықталды және қайта жаңғырту кезеңінде жолаушылардың вокзалда болуына қатысты жағдайлар қаралды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, түсінікті навигацияға және жолаушылардың барлық санаттары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою және жолаушылардың пойыздарға қауіпсіз әрі қолайлы өтуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ жолаушыларға өту бағыттарындағы өзгерістер туралы ақпарат беруді күшейту және реконструкция жұмыстары жүргізілетін кезеңде уақытша инфрақұрылымның жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау міндеті қойылды.
Тараз теміржол вокзалын қайта жаңғырту аясында жолаушылар инфрақұрылымын кешенді жаңарту көзделген. Қазіргі уақытта вокзал ғимараты мен жолаушылар платформасы жаңартылуда. Ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік жүйелер жаңғыртылуда, заманауи жабдықтар мен жиһаздар орнатылуда. Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында эскалаторлар, электрондық ақпараттық таблолар, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелері қарастырылған.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Шу және Түрксіб станцияларының теміржол вокзалдарына тексеру жүргізілді.
Шу станциясының вокзалында ғимаратты, инженерлік желілерді, платформаны және іргелес аумақты жаңартуды қамтитын кешенді реконструкция жұмыстары жалғасуда. 1927 жылы салынған Түрксіб станциясының вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою, жолаушылар ағынын қауіпсіз ұйымдастыру, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеделдету және белгіленген мерзімдерді сақтау жөнінде тапсырмалар берілді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында Маңғыстау облысының көлік инфрақұрылымы саласындағы жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының қызметін таныстыру кезінде қаралды. Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тонна, Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тонна, ал Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жобалық қуаты жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнерге жетеді. Оның бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда пайдалануға берілді. Аталған нысандардың дамуы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға және Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Маңғыстау теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының жүзеге асырылу барысы көрсетілді. Нысанның дайындық деңгейі, жобаны іске асыру қарқыны және құрылыс жұмыстарының орындалуы туралы ақпарат ұсынылды.
Қолданыстағы вокзалдың орнына қауіпсіздік, жайлылық және қызмет көрсету сапасына қойылатын заманауи талаптарға сай келетін жолаушыларға арналған заманауи кешен қалыптастырылуда. Реконструкция жұмыстары аяқталғаннан кейін ғимараттың жалпы алаңы 763,7 шаршы метрден 8 899 шаршы метрге дейін ұлғаяды.
Жаңартылған вокзалда кең әрі жайлы күту залдары, билет кассалары, жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға көңіл бөлінуде. Маңғыстау вокзалын қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында еліміздің теміржол инфрақұрылымын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
Қазақстанда жол инфрақұрылымын дамыту кешенді түрде жүзеге асырылып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қамтиды.
Республикалық жол желісінде ірі жобаларды іске асырумен қатар, елді мекендер арасындағы және өңірлер ішіндегі көлік қатынасын қамтамасыз ететін жергілікті жолдардың жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінуде.
Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 70 мың шақырымды құрайды. Бүгінде аталған жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайда. Жергілікті жолдардың жай-күйін одан әрі жақсарту бойынша жұмыстар олардың техникалық жағдайы мен өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып жалғасуда.
2026 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 92%-ға жеткізу жоспарлануда.
Мәселен, биыл жергілікті маңызы бар 2,4 мың шақырым автомобиль жолында құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2,3 мың шақырым жолдағы жұмыстарды аяқтап, оларды пайдалануға беру жоспарланған.
Биыл аяқтау жоспарланып отырған ірі жобалардың қатарында Семей қаласындағы автокөлік көпірін реконструкциялау, ұзындығы 17 шақырым болатын облыстық маңызы бар «Түркістан – Шәуілдір» автомобиль жолын реконструкциялаудың II кезегі, сондай-ақ ұзындығы 110 шақырымды құрайтын «Лепсі – Ақтоғай» облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау жобалары бар.
Биылғы жылы жергілікті жолдардың ең үлкен көлемі Қарағанды облысында — 223 км, Қостанай облысында — 184 км және Солтүстік Қазақстан облысында — 164 км жұмыспен қамтылды. Жұмыстар елдің басқа өңірлерінде де жергілікті жол желісін дамыту басымдықтарына сәйкес жүргізілуде.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамыту елді мекендердің көлік қатынасын қамтамасыз етуде тікелей маңызға ие. Жергілікті жол желісі елді мекендердің жоғары санаттағы жолдарға шығуын, аудандардың облыс орталықтарымен байланысын, сондай-ақ халықтың әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Осылайша, елімізде автомобиль жолдарын дамыту барлық жол желісі бойынша жүргізілуде. Республикалық бағыттарды жаңғыртумен қатар, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйін жақсарту бойынша да тиісті шаралар қабылдануда. Бұл бүкіл ел бойынша көлік инфрақұрылымының сапасы мен сенімділігін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда астықты теміржол көлігімен тасымалдаудың оң динамикасы сақталуда. 2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға артық. Былтыр аталған кезеңде тасымалдау көлемі 8,2 млн тоннаны құраған.
Жаңа егін жинау науқанының басталуымен астық тасымалының алғашқы миллион тоннасы жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың тамыз айында теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 1,1 млн тоннаны құрап, өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 35%-ға артты.
Экспорттық тасымалдарда да айтарлықтай өсім байқалады. 2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы сыртқы нарықтарға 7,2 млн тонна астық жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артық (6,3 млн тонна).
Экспорттық тасымалдардың негізгі көлемі Орталық Азия елдеріне тиесілі — 4,8 млн тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 37%-ға жоғары. Атап айтқанда, Өзбекстанға 3,6 млн тонна астық жөнелтілді (+50%), Тәжікстанға — 1 млн тонна (+17%), Ауғанстанға — 655 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,4 есе көп. Қытайға 558 мың тонна астық тасымалданды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33%-ға артық.
Астық тасымалын тұрақты әрі уақтылы қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі астықты теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі жұмыс тобын құрды.
Жұмыс тобы тасымалдау процесіне қатысушылардың қызметін үйлестіреді, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен вагондар паркінің тасымалдау көлемінің артуына дайындығын бақылайды. Астықты біркелкі тиеуді қамтамасыз етуге, вагондардың қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың станцияларда жиналып және тұрып қалмауына жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Самарқанд қаласында Қазақстан–Өзбекстан халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша екі ел арасындағы халықаралық автокөлік тасымалдарын одан әрі жеңілдету және транзиттік қатынасты дамыту жөнінде бірқатар келісімге қол жеткізілді.
Тасымалдаушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету және жүк тасымалының тұрақты жүруіне жағдай жасау мақсатында Қазақстан мен Өзбекстан 2026 жылға қосымша 20 мың рұқсат бланкісімен алмасуға келісті.
Сонымен қатар, тараптар 2026 жылдың соңына дейін электрондық рұқсат бланкілерімен шектеусіз алмасуға көшу мәселесін пысықтауға уағдаласты. Бұл халықаралық автокөлік тасымалдарын жыл сайын белгіленетін рұқсат квотасына байланысты шектеулерсіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Транзиттік тасымалдарды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедергісіз транзитті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауға келісті. Бұл әкімшілік рәсімдерді қысқартып, транзиттік бағыттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыста автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту және оның сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Осы бағытта тараптар тәжірибе және үздік практикалармен алмасуға келісті.
Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру және Еуразия кеңістігінде бірыңғай көлік-логистикалық қаңқаны қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында екіжақты және транзиттік жүк тасымалдарын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсімі және халықаралық көлік дәліздерінің жұмысын қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Өзбекстанның маңызды рөлі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, халықаралық автокөлік тасымалдарына кедергі келтіретін мәселелерді кезең-кезеңімен жоюға және екі ел арасындағы өзара сауда мен транзиттік әлеуетті арттыруға қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін растады.
ҚР Көлік министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Шығыс Қазақстан облысына – Зайсан және Қатонқарағай әуежайларының құрылыс нысандарына жұмыс сапары өтті.
Жұмыс сапарына сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов, «Қазаэронавигация» РМК-ның бас директоры Фаат Богдашкин, Қазақстанның авиация әкімшілігінің бас атқарушы директоры Майкл Дэниел, ШҚО Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсалимқызы, сондай-ақ мердігер құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты.
Нысандарды аралау барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының ағымдағы қарқыны, әуеайлақ және әуевокзал инфрақұрылымының негізгі нысандарының дайындық деңгейі, сондай-ақ әуежайларды пайдалануға енгізуге әрі қарай дайындау мәселелері қарастырылды.
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде әуежай инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қызмет көрсету мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері тарапынан Гүлнәр Баймолдина қатысты.
Кеңес барысында жолаушының әуежайда болуының барлық негізгі кезеңдеріндегі инфрақұрылым қолжетімділігі қарастырылды: жолаушылар терминалына іргелес аумаққа келуден бастап терминал ішінде қажетті рәсімдерден өтіп, қызметтер алуға дейін.
Сонымен қатар арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыру және тұрақ аймақтарынан терминалдарға дейінгі қолжетімді маршруттар, тротуарлардан түсу жолдары, кіреберістер, пандустар, баспалдақтар мен көтергіш платформалар, сондай-ақ жолаушылар терминалдары ішінде кедергісіз өтуді қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді.
Көру және есту қабілеті нашарлаған жолаушылар үшін ақпарат пен навигацияның қолжетімділігі мәселелері қарастырылды. Тактильдік мнемосхемалар мен бағдарлауыштарды қолдану, Брайль шрифтін, визуалды ақпараттандыру құралдарын, сондай-ақ есту қабілеті нашарлаған адамдарға арналған индукциялық жүйелерді пайдалану талқыланды.
Гүлнар Баймолдина аэропорттарда тек пандус немесе басқа құралдардың бары деп есептемей, адамның жолға шыққаннан бастап өз баратын жеріне дейін еш кедергісіз, ақпаратты еркін алып, өзі жүріп өтуі немесе қажет болса қызметкерден көмек алуы үшін бәрі тізбектелген біртұтас жүйе болуы керек екенін айтты.
Сонымен қатар жиында сүйемелдеу қызметтерінің жұмысы, ақпарат және анықтама бөлімдерінің қолжетімділігі, қызметкерлердің түрлі жағдайда көмек көрсете алуға дайындығы, сондай-ақ ана мен бала бөлмелерінде тиісті жағдай жасау мәселелері де қаралды.
Әуежай өкілдері көтерілген мәселелерді талқылаудың, практикалық тәжірибе алмасудың және инфрақұрылым мен қызмет көрсету рәсімдерін одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша әуежайларға объектілердің жай-күйі мен жолаушылардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктерін ескере отырып, қолданыстағы қызмет көрсету процестерін қосымша талдауды жүргізу, сондай-ақ қолжетімділік саласындағы заманауи халықаралық тәжірибелерді қолдану мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтық авиация объектілерінің қолжетімділігін жетілдіру бойынша әуежайлармен жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.