Көкшетау қаласында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, мердігер ұйымның өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жолаушылар теміржол инфрақұрылымын жаңартудың және жолаушылар үшін заманауи жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті.
«Вокзал ғимараты 1981 жылы пайдалануға беріліп, ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде ауқымды жаңғырту жұмыстарының арқасында вокзал өзінің тарихи маңызын сақтай отырып, жаңа келбетке ие болды. Жаңғыртудың басты нәтижесі – барлық жолаушыларға, оның ішінде қарт адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау», – деп атап өтті Жәнібек Тайжанов.
Жоба аясында жертөле және техникалық қабаттары бар вокзалдың үш қабатты ғимараты қайта жаңғыртылды. Оның аумағы 9 007 шаршы метрден 9 345 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ғимараттың қасбеті, ішкі бөлмелері және инженерлік жүйелер жаңғыртылып, іргелес аумақ абаттандырылды.
Вокзалдағы жайлылық пен қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында эскалатор мен тік көтергіш орнатылып, жиһаздар мен қажетті жабдықтар жаңартылды. Қасбет заманауи фиброцементті панельдермен қапталса, ал ішкі бөлмелерде ұзақ мерзімді, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және оңай жуылатын материалдар қолданылды.
Қауіпсіздік пен қолжетімділік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Төрт лифтімен жабдықталған заманауи конкорстық өткел салынды, жаңа эвакуациялық жолдар ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды.
«Ақмола облысында бағдарлама аясында 16 теміржол вокзалы жаңғыртылды. Осы ауқымды жұмысты жүзеге асыруға үлес қосқан барлық қызметкерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, шеберліктеріңіз және үйлесімді жұмыстарыңыздың арқасында жаңартылған вокзалдарды ашып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туып отыр», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Көкшетау вокзалы I санатқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 1 800 адамды құрайды. Станция арқылы Көкшетауды Петропавл, Бурабай курорттық аймағы, Қостанай, Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Ақтөбе, Атырау, Шу, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларымен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресей қалаларымен байланыстыратын 32 жолаушылар пойызы өтеді.
Жамбыл облысында 1989 жылы салынған Шу станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді.
Реконструкция барысында жалпы ауданы 8 141 шаршы метр болатын вокзалдың бес қабатты ғимараты толық жаңартылды. Вокзалдың қасбеті мен шатыры, ішкі бөлмелері мен инженерлік жүйелері жаңартылып, перрон мен оған іргелес аумақ абаттандырылды.
Ерекше назар ғимараттың заманауи сәулеттік келбетіне және әрлеу материалдарының сапасына аударылды. Вокзалдың қасбеті травертинмен қапталып, іргетасы елімізде өндірілген гранит плиталарымен әрленген. Заманауи терезелер мен отандық өндірістегі энергия үнемдейтін шыныпакеттері бар «жылы» тірек-ригельді жүйенің алюминий витраждары орнатылды.
Вокзалдың ішкі бөлмелері жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жабдықталды. Әрлеу жұмыстарында заманауи жанбайтын материалдар қолданылып, дыбыс оқшаулағышы бар тірек төбелер орнатылды, тозуға төзімді еден жабындары пайдаланылды.
Шу станциясының вокзалы I санатқа жатады. Жолаушылар ағынының орташа тәуліктік көрсеткіші шамамен 1 591 адамды құрайды. Станция арқылы Шу қаласын Қазақстанның ірі қалаларымен — Алматы, Астана, Семей, Маңғыстау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Тараз, Орал, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Бурабай курорты, Қызылорда, Петропавл және Сарыағашпен байланыстыратын 48 жолаушылар пойызы қатынайды. Сонымен қатар, теміржол қатынасы Шу қаласын Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан қалаларымен байланыстырады.
Вокзалды қайта жаңғырту жолаушылар инфрақұрылымын жаңартуға, жайлылық деңгейін арттыруға және өңір тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсету үшін заманауи жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Жаңартылған вокзал Шу қаласының көлік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып, жолаушылар тасымалын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
#заңментәртіп #законипорядок
Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан (CASA) бағыты бойынша Пәкістанның теңіз порттарына шығатын жаңа теміржол бағытының жобасын бірлесіп пысықтауды көздеп отыр.
CASA теміржол жобасы аясындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, Өзбекстан Республикасының Көлік министрлігі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрлігі қол қойды.
CASA жобасы Орталық және Оңтүстік Азияның көлік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа теміржол бағытын қалыптастыруды, сондай-ақ халықаралық тасымалдарды, сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашуды көздейді.
Меморандум аясында тараптар техникалық, экономикалық зерттеулер мен талдау жұмыстарын жүргізуді, қажетті теміржол инфрақұрылымын және онымен байланысты нысандарды дамытудың орындылығын зерделеуді көздейді.
Қазақстан мен Өзбекстанның дамыған теміржол инфрақұрылымы және айтарлықтай транзиттік әлеуеті бар. Біріккен Араб Әмірліктері көлік инфрақұрылымы, логистика және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру саласында халықаралық тәжірибеге ие.
Осылайша тараптардың ынтымақтастығы CASA жобасын жан-жақты пысықтауға және оны іске асырудың оңтайлы тетіктерін айқындауға мүмкіндік береді.
Тараптар одан әрі атқарылатын қадамдар мен бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын да талқылады.
Атап айтқанда, жобаның техникалық, экономикалық және қаржылық мәселелерін кешенді түрде пысықтау үшін Жұмыс тобын құру мүмкіндігі қарастырылуда.
Астанада жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттыруға арналған үш күндік республикалық семинар-кеңес басталды. Көлік министрлігінде іс-шара барысында жол саласындағы өзекті мәселелер мен өңірлерде енгізілетін жаңа тәсілдер талқыланады.
«Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» тақырыбындағы семинар орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысын жолға қоюға арналған практикалық алаңға айналмақ.
«Үш күн ішінде қатысушылар жолдарды жоспарлау, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстары, сапаны бақылау, пайдалану және жол желісін цифрландыру мәселелерін қарастырады. Негізгі назар жергілікті жолдардағы нақты проблемалар мен оларды шешу жолдарына аударылады», – деді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиакпаров.
Іс-шараға Көлік министрлігінің өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, әкімдіктердің бейінді басқармаларының басшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың, жобалау және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Семинардың негізгі бағыттарының бірі – өңірлердегі жол жұмыстарының негізделген жоспарларын қалыптастыру. Бұл ретте жолдардың нақты жай-күйі ескеріліп, диагностика нәтижелері негізінде басым учаскелер айқындалады. Сондай-ақ жөндеу түрлерін нақты ажыратып, қабылданатын шешімдерді жолдың нақты жағдайымен байланыстыру көзделіп отыр.
Жобалау мәселелеріне де жеке көңіл бөлінеді. Қатысушылар жобаларды алдын ала сараптау, жол төсемінің үлгілік конструкцияларын қолдану, BIM-жобалауды енгізу, сондай-ақ жолдың негізі, көлік жүктемесі, климаттық жағдайлар мен жергілікті материалдардың қолжетімділігін ескере отырып, тиімді конструктивтік шешімдерді таңдау мәселелерін қарастырады.
Жол құрылысына пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын бақылау да семинардың маңызды бағыттарының бірі. Зертханалық бақылау, сынама алу және сынақ нәтижелерінің дұрыстығы, битум, қиыршық тас пен асфальтбетон сапасы, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда қабылданатын шаралар талқыланады.
Тағы бір маңызды бағыт – облыстық және аудандық маңызы бар, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріндегі салынған және жөнделген жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау. Қатысушылар жолдарды күтіп-ұстау, маусымдық жұмыстар, қажетті техника мен материалдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр жүк көліктеріне қойылатын шектеулердің сақталуын қоса алғанда, жол желісінің сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.
Семинар барысында жол саласына арналған цифрлық шешімдер де таныстырылады. Олар жол желісінің жай-күйі мен жұмыстардың орындалу барысын бақылауға, анықталған кемшіліктерді тіркеуге және осы деректерді басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігі жолдарды диагностикалау және басым бағыттарды айқындаудан бастап жобалау, құрылыс, жөндеу және кейінгі күтіп ұстауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын бірыңғай басқару тәсілін қалыптастыруды көздейді.
Семинар қорытындысы бойынша нақты шаралар, оларды іске асыруға жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері айқындалады. Сонымен қатар өңірлердің жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру жоспарлануда.
Іс-шара 2 қазанға дейін жалғасады.
Жүргізіліп жатқан жұмыс "Заң және тәртіп" қағидаттарына сәйкес келеді. Сапалы жолдар, жобалаудан бастап пайдалануға дейінгі барлық кезеңдерде белгіленген нормалар мен талаптардың сақталуы азаматтарымыздың қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан жұмыс сапасына, нормативтерді сақтауға және бұзушылықтарды уақтылы жоюға жауапкершілік жол саласының барлық қатысушылары үшін сөзсіз болуы тиіс.
#заңментәртіп #законипорядок
Қазақстанның халықаралық маршруттық желісін кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жұмыстары жалғасуда.
Осыған орай, 2026 жылғы 11 желтоқсаннан бастап «Air Astana» авиакомпаниясы Астана – Бангкок (Таиланд) бағыты бойынша тікелей рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына екі рет Airbus A321LR әуе кемелерімен орындалады.
Осылайша, жаңа әуе бағыты іске қосылғаннан кейін Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстердің жалпы саны 4 бағыт бойынша аптасына 20 рейске дейін ұлғаяды.
анықтама:
Қазіргі уақытта Таиландқа мынадай бағыттар бойынша рейстер орындалады:
Алматы – Пхукет, аптасына 7 рейс (Air Astana);
Алматы – Бангкок, аптасына 9 рейс (Air Astana – 6, Thai AirAsia X – 3);
Шымкент – Бангкок, аптасына 2 рейс (SCAT).
Екі мемлекеттің астаналары арасындағы жаңа әуе бағыты туристік және іскерлік сапарлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп, Қазақстан мен Таиланд арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Көлік министрлігінде халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Оған жұмыс тобының құрамына кіретін қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Отырыста Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына, сондай-ақ тасымалдаушыларды халықаралық автомобильмен жүк тасымалдауға жіберу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.
Негізгі назар практикалық мәселелерге аударылды. Жұмыс тобының мүшелері шетелдік рұқсаттарды беру және пайдалану тәртібін жетілдіру, рұқсат беру жүйесінің тиімділігін арттыру және халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстарын білдірді.
Жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысы бойынша автокөлік құралдарында рұқсат беру жүйесі талаптарының бұзылуын жедел тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-боттың жұмысы қайта іске қосылады.
Рұқсат беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс Көлік министрлігі мен сала өкілдерінің өзара іс-қимылы аясында жалғасады.
Халықаралық маршруттар желісін кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жұмыстары жалғасуда.
Осыған орай, 2026 жылғы 25 желтоқсаннан бастап Air Astana әуе компаниясы Алматы – Лангкави (Малайзия) бағыты бойынша тікелей маусымдық рейстерді орындауды жоспарлап отыр.
Рейстер аптасына үш рет Airbus A321neo әуе кемелерімен жүзеге асырылады.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстанның халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге және Малайзиямен туристік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінде ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Негізгі күштер жер жұмыстарының аяқталуына, теміржол жолын төсеуге және жасанды құрылыстарды салуға жұмылдырылған.
Бүгінгі таңда жалпы көлемі 13,2 млн текше метр жер жұмыстарының 12,9 млн текше метрі, яғни 98%-ы орындалды. Рельс-шпал торын жинақтау базаларында 142 шақырым рельс-шпал торы жиналды, оның 105,6 шақырымы учаскеге төселді. Бұл жоспарланған көлемнің 61%-ын құрайды.
Жасанды құрылыстардың құрылысы жоғары қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде 129 су өткізу құбырының 124-і, яғни 96%-ы монтаждалды. Сонымен қатар 29 көпірдің құрылысы аяқталды, тағы төрт нысанда жұмыстар жалғасуда. Құрылыс жұмыстарына 977 бірлік техника және 1 815 жұмысшы жұмылдырылған.
Қазан айында негізгі жолдарға жер төсемін және рельс-шпал торын төсеу жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ теміржол жолын түйістіру жоспарлануда. Жаңа теміржол желісі бойынша жұмыс қозғалысын осы жылдың соңына дейін ашу көзделген.
Ұзындығы 127,6 шақырым (негізгі жолдар) болатын Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі елдің оңтүстігіндегі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылуда және Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Жобаны іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасында қосымша халықаралық теміржол бағытын құруға, жүктемесі жоғары Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі жүктемені азайтуға, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және Орталық Азия елдері бағытындағы транзиттік тасымалдар мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
📌Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз логистика мен тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.
«Жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16,9 мың астық вагоны, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те бар»,
— деді Жәнібек Тайжанов.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Оның ішінде экспортқа 7,2 млн тонна, ел ішінде 2,1 млн тонна тасымалданды.
Негізгі бағыттар бойынша өсім бар.
🟦Орталық Азия елдеріне тасымал 37%-ға,
🟦Қытайға 34%-ға,
🟦Ресей порттары арқылы тасымал 9%-ға,
🟦Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті.
Қазақстан Республикасының өкілдері ИКАО-ның жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша XXI симпозиумына қатысты. Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, 70 ел мен 7 халықаралық ұйым, сондай-ақ авиация индустриясының халықаралық компанияларынан 600-ден астам делегат қатысты.
Еліміздің атынан іс-шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің рәсімдерді оңайлату, жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Всеволод Ким қатысты.
Қазақстанның делегациясы «Seamless Travel in Practice» («Іс жүзіндегі кедергісіз саяхат») сессиясында спикер ретінде сөз сөйлеп, тұлғаны тану мен жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру технологияларын енгізу тәжірибесіне презентация жасады. Халықаралық авиациялық қоғамдастыққа еліміздің әуежайларында автоматтандырылған шекаралық бақылауды практикалық енгізу нәтижелері, рәсімдерді жеделдету үшін биометриялық технологияларды қолдану, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау тәсілдері ұсынылды.
Бұл сессияда Румыния, Сингапур мен Хорватия, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдері өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Талқылау барысында шекаралық бақылаудан кедергісіз өтудің жаңа тұжырымдамалары, байланыссыз технологиялар, жолаушыларды цифрлық сәйкестендіру мен заманауи шешімдерді ұлттық шекараларды басқару жүйелеріне интеграциялауға назар аударылды. Қауіпсіздік, рәсімдерді оңайлату, дербес деректерді қорғау және жолаушыларға қолайлылық арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ енгізіліп жатқан жүйелердің ICAO стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес халықаралық үйлесімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Симпозиум барысында халықаралық авиациялық қоғамдастықтың өкілдері еліміз азаматтық авиациясының даму серпінін және халықаралық стандарттарды енгізу, саланы цифрландыру және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи технологияларын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын атап өтті.
Қазақстандық мамандардың ИКАО-ның халықаралық алаңдарында спикерлер мен сарапшылар ретінде қатысуы ұлттық тәжірибені ілгерілету, әлемнің жетекші авиациялық және шекаралық ведомстволарымен кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту мен еліміздің халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы ұстанымдарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.