Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Құжаттар
Все материалы
01 апреля 2026
ЕАЭО мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының 10-шы отырысы өтті

Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың төрағалығымен ЕАЭО мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының 10-шы отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Республикасының ЕАЭО төрағалығы кезеңінде өткізілді.

Отырыстың жұмысына ЕАЭО мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның Коллегия мүшесі қатысты.

Күн тәртібінде келісілген көлік саясатын іске асыру, бұрын қабылданған шешімдердің орындалуы және көлік саласындағы жоспарлы іс-шаралардың барысы қаралды.

Сонымен қатар, еуразиялық көлік коридорларын дамытуға және ЕАЭО мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің қатысуымен бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға назар аударылды.

Сондай-ақ, халықаралық тасымалдарды реттеуді жетілдіру, өзара ақпараттық қатынасты дамыту және халықаралық келісімдер аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО шеңберінде көлік ынтымақтастығын дамыту және көлік жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды.

31 марта 2026
Бейжіңде Қазақстан-Қытай теміржол көлігі жөніндегі кіші комитеттің 16-шы отырысы өтті

Бейжің қаласында Қазақстан-Қытай теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің 16-шы отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов және Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік теміржол басқармасы басшысының орынбасары У Дэджин тең төрағалық етті.

Отырыс барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалдарының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру мәселелері қаралды.

Тасымал көлемінің өсуінің оң серпіні және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар атап өтілді.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызын атап өтіп, оны одан әрі дамытуға мүдделілігін растады, оның ішінде Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, 2029 жылға қарай контейнерлік транзит көлемін 3000 пойызға дейін жеткізу көзделуде.

Отырыс қорытындысы бойынша транзитті дамыту және тасымал көлемін ұлғайту жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламаны әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді. Бағдарлама шекаралық және порттық инфрақұрылымды үйлесімді дамыту, көлік-логистикалық хабтарды қалыптастыру және дамыту, сондай-ақ теміржол машина жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар, тараптар цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыруға келісті.

31 марта 2026
Бейжіңде «Аягөз – Бақты» жобасының іске асырылу барысы талқыланды

Бейжің қаласында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың China Harbour Engineering Company Co., Ltd. компаниясының басшылығымен кездесуі өтті. Кездесу барысында «Аягөз – Бақты» жобасының іске асырылу барысы талқыланды.

Негізгі назар техника мен ресурстарды жедел жұмылдыру, құрылыс қарқынын арттыру, жұмыстарды белгіленген мерзімде орындау, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы теміржол желісінің түйісу нүктелерін айқындау мәселелеріне аударылды.

Қазақстан тарапы отандық құрылыс компаниялары мен мамандарын тартудың, сондай-ақ қазақстандық өндірістің материалдарын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Компания өкілдері жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес орындауға дайын екенін растады және жобаға жергілікті мердігерлердің міндетті түрде қатысатынын атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылғы тамызда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен China Harbour Engineering Company Co., Ltd. арасында EPC-келісімшартқа қол қойылған болатын.

«Аягөз – Бақты» жобасын іске асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік қатынасының өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

30 марта 2026
2026 жылғы жаңа жол жобаларының сандық деректері мен фактілері

2026 жылы автожолдардың 11 мың шақырымынан астамын құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстары қамтитын болады, оның ішінде 3,4 мың шақырымына жуығы жаңа құрылыс пен реконструкция жобалары болып табылады. 2026 жылы ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және біз осы бастамалардың ең қызықты сандары мен негізгі параметрлерін ұсынамыз. Бұл бастамалар өңірлердің көліктік байланысын нығайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Ең ірі жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автожолы. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынды. Маршруттың жалпы ұзындығы 896 шақырымды құрайды. Жоба аясында 19 көлік қиылысы, 17 жол өткелі, 40 көпір, 654 су өткізгіш құбыр, 48 мал өткелі және 2 жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелі салу көзделген. Жоба еліміздің астанасын батыс өңірлермен тікелей байланыстыра отыра, Транскаспий маршрутына шығуды қамтамасыз етеді.
«Бейнеу – Сексеуіл» жобасы 559 шақырымды қамтиды. Жаңа маршрут Ақтөбе арқылы өтетін қолданыстағы бағытпен салыстырғанда қашықтықты 900 шақырымнан астамға қысқартады және өңірлер арасындағы тікелей жүруді қамтамасыз етеді.

Жезқазған – Қарағанды автожолының ұзындығы 572,6 шақырымды құрайды. Оның құрамында 52 көпір, 72 жол өткелі, 28 көлік қиылысы және 8 демалыс алаңы салынады.
Ірі жобалар қатарында – төрт жолақты Ақтөбе – Ұлғайсын жолы (ұзындығы шамамен 233 шақырым). Жобада 17 көпір, 16 жол өткелі, 14 көлік қиылысы, 374 су өткізгіш құбыр және ауыл шаруашылығы техникасына арналған 13 өткел салу, сондай-ақ зияткерлік көлік жүйесін енгізу және 234 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін салу көзделген.
Атырау – Доссор автожолын реконструкциялау (ұзындығы 87 шақырым) 4 көпір, 1 екі деңгейлі көлік қиылысы, 3 жол өткелі, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 18 өткел, 6 демалыс алаңы, 136 су өткізгіш құбыр және 30 мал өткелін салуды көздейді.

Сонымен қатар елді мекендерді айналып өтетін жолдардың құрылысы жүзеге асырылуда. Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол 102,6 шақырымды құрайды және 22 көпір, 8 көлік қиылысы, 2 теміржол жол өткелі, 223 су өткізгіш құбыр, 26 автобус аялдамасы және 4 жаяу жүргіншілер өткелін қамтиды. Қызылорда қаласын айналып өтетін жолдың ұзындығы шамамен 26 шақырым, онда 4 көпір, 2 көлік қиылысы, 4 жол өткелі және жерасты өткелі қарастырылған.

Аталған жобаларды іске асыру өңірлер арасындағы қашықтықты айтарлықтай қысқартуға, қалалық жолдарға түсетін жүктемені азайтуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

27 марта 2026
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі көлік оқиғаларын тергеп-тексеру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тасымалдау процесіне қатысушылардың, қосалқы қызметтердің және заңды тұлғалар бірлестіктерінің өкілдерінің қатысуымен салалық кеңес өткізді.

Күн тәртібінде теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігі бұзушылықтарын тергеп-тексеруді реттейтін қолданыстағы нормативтік базаны, сондай-ақ ұйымдардың ішкі құжаттарын жетілдіру мәселелері қаралды.

Айта кету қажет, ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар тергеп-тексеру тиімділігін арттыруға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оқиғалардың себептерін талдау мен олардың алдын алу бойынша заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған.

Барлық тасымалдау процесіне қатысушылар мен қосалқы қызметтер үшін тергеп-тексеру жүргізуде бірыңғай тәсілді қолдану және талаптарды үйлестіру мәселелеріне, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибені енгізуге ерекше назар аударылды.

Осы бағыттағы жұмыс келіп түскен ұсыныстар мен ұсынымдарды ескере отырып, жыл бойы жалғасатын болады.

 

27 марта 2026
«Астана – Талдықорған» бағытында тікелей жолаушылар қатынасы іске қосылады

2026 жылғы 9 сәуірден бастап «Астана – Ақтоғай – Талдықорған» бағыты бойынша тікелей жолаушылар қатынасы іске қосылады.

№122/121 «Астана – Семей – Астана» пойызының құрамына (тасымалдаушы – «Арай Транс KZ» ЖШС) екі вагон — 1 купелік және 1 плацкарттық вагон қосылады. Олар Ақтоғай станциясына келгеннен кейін бөлек пойыз құрамында Талдықорғанға дейін сапарды жалғастырады. Бұл жолаушыларға ешқандай ауысып мінусіз ыңғайлы сапар жасауға мүмкіндік береді.

Қозғалыс күн ара жоспарлануда.

24 марта 2026
Ташкент – Атырау бағыты бойынша жаңа рейс іске қосылады

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

Осылайша, «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы ағымдағы жылдың 29 наурызынан бастап Ташкент – Атырау бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашады. Әуе компаниясы рейстерді аптасына 2 рет (дүйсенбі және жұма күндері) «Airbus A320» үлгісіндегі әуе кемелерімен орындауды жоспарлап отыр.

Жаңа әуе қатынасын ашуға 2025 жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы авиациялық билік органдары арасында өткен келіссөздер алғышарт болды. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы халықаралық рейстерді орындау үшін құқықтық базаны одан әрі кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы іскерлік, сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

20 марта 2026
Көлік министрлігінде цифрлық трансформация мәселелері бойынша дәріс өтті

Көлік министрлігінде қызметкерлер мен ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері үшін Цифрлық үкіметті қолдау орталығының қатысуымен цифрлық трансформация мәселелері бойынша дәріс өтті.

Іс-шара Мемлекет басшысының Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекет ретінде қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жүйелі жұмыстың аясында ұйымдастырылды. Цифрлық трансформация стратегиялық дамудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, экономиканың және қоғамның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады.

Дәріс барысында қатысушыларға көлік саласының цифрлық трансформация картасы таныстырылды. Бұл – деректерге негізделген басқаруға көшу, автоматтандыру және барлық бағыттарда цифрлық процестерді енгізуді көздейтін кешенді стратегиялық құжат. Құжат автомобиль, теміржол, әуе және су көлігі, сондай-ақ логистика мен автожол салаларын қамтиды.

Функциялар мен бизнес-процестерді түбегейлі қайта құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Цифрлық үкіметті қолдау орталығының өкілдері озық технологияларды енгізу ішкі рәсімдерді терең жаңғыртумен қатар жүруі тиіс екенін, бұл бюрократиялық кедергілерді азайтып, тиімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы «Цифрлық министрлік» тұжырымдамасы болды. Бұл – ведомство жұмысының жаңа моделі, ол ведомствоаралық интеграцияға және талдау мен басқарушылық шешімдер қабылдауда жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға негізделген.

Көлік министрлігі салалық сервистерді толық цифрлық форматқа көшіру, олардың азаматтар мен бизнес үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің зияткерлік көлік жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.

Аталған дәріс цифрлық сауаттылықты арттыруға және ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруға қатысушылар арасында саланың болашағына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға маңызды қадам болды.

20 марта 2026
Қазақстанда азаматтық авиация саласындағы жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктердің Салалық атласы жасалды

Алматы қаласында жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктердің салалық атласын әзірлеуге арналған сарапшылық кеңес өтті. Оған мемлекеттік органдар, әуе компаниялары, әуежайлар, сондай-ақ салалық кәсіпорындар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Шараға Қазақстандағы ICAO Әлемдік елшілер бағдарламасының елшісі, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, Азаматтық авиация академиясының ректорының м.а Қайрат Жакупов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Жоғары және ЖОО кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлжан Жарасова қатысты.

Кездесуде ұсынылған жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктер атласы жобасы саланың негізгі қатысушыларымен – әуе компаниялары мен авиациялық кәсіпорындармен бірге талқыланып, қолдау тапты.

«Атласта алдағы 15 жылда сұранысқа ие болатын мамандықтар мен негізгі дағдылар тізімі көрсетілген. Әлемде әуе тасымалы айтарлықтай көбейіп жатқандықтан, жоғары білікті мамандарға сұраныс арта береді. Кадр әлеуетін арттыру – ICAO Жаһандық елшілер бағдарламасының басты міндеттерінің бірі. Салалық мамандықтар мен құзіреттіліктер атласы кадрларды даярлауда жалпы түсініктен нақты іс-әрекеттерге көшуге, сондай-ақ салада біріңғай бағыттарды белгілеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Салтанат Томпиева.

Атластың басты нәтижелерінің бірі – цифрландыру, жасанды интеллект, тұрақты даму және ұшқышсыз технологиялармен байланысты жаңа мамандықтардың пайда болуы. Ерекше мамандықтардың қатарында: әуе қозғалысын басқару бағытындағы ЖИ-мен жұмыс істейтін жобалаушы және интеллектуалды диспетчерлік жүйелерді әзірлеуші, ұшқыштардың психологиялық төзімділігін қамтамасыз ететін киберпсихолог пен коучтар, сутегі қауіпсіздігі инженері және SAF жеткізу тізбегінің маманы (авиацияның экологиялық жаңғыруына жауапты жаңа энергетика саласының мамандары), «эмоциялық логистика» талдаушы маманы, жолаушыларға ыңғайлы қызметті жоспарлайтын сәулетші және тағы басқалары бар. Сонымен бірге, ұшқышсыз авиация саласына да ерекше назар аударылған. Бұл салада ҰАЖ операторларынан бастап платформаларды жасайтын мамандар мен робот техника инженерлеріне дейінгі барлық мамандықтар қажет болады.

Болашақта ұшқыштар, инженерлер және диспетчерлер автоматтандырылған жүйелермен, жасанды интеллектпен және цифрлық көшірмелермен тығыз жұмыс жасайтын болады. Сол себепті Атлас қолмен деректерді өңдеу, аз автоматтандырылған жерүсті қызметтері, қарапайым диспетчерлік және логистикалық жұмыстарға байланысты мамандықтардың  өзектілігі азаятынын көрсетеді.

Технология дамыса да, салада басты рөлді адамдар атқара береді. Қазірдің өзінде авиация саласында мамандар жетіспейді және бұл қажеттілік 2029 жылға қарай едәуір өсуі мүмкін. Осыған байланысты ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі Салтанат Томпиева Қазақстан адам капиталын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл ИКАО-ның 2050 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарына да сәйкес келеді, сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар Аргентина, Ұлыбритания, Грузия, Италия, Канада, Жапония сияқты елдердің 25 сала өкілінен және Гайана, Португалия мен Шри-Ланканың 3 өңірлік чемпионынан тұратын ИКАО-ның Жаһандық елшілер бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.

Қатысушылардың айтуынша, Атлас бірнеше мәселені бірден шешеді – мемлекетке кадр саясатын және білім беру тапсырысын жоспарлауға, бизнеске қызметкерлерді дамытуға, сондай-ақ авиация саласын таңдайтын жастарға бағыт-бағдар береді.

 

20 марта 2026
Көлік министрлігі 2028 жылға дейінгі басымдықтарды бекітті

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған автожол саласын дамыту бағыттарын айқындап, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жол сапасын арттыруға және елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған шешім бекітті.

Басымдықтар аясында жол жабыны түрлерін таңдау тәсілдері қайта қаралады. Көлік жүктемесі жоғары, әсіресе халықаралық бағыттарда цементбетон жабындарын қолдану кеңейтіледі. Ал, шағын елді мекендерге апаратын жолдарда қиыршық тас және шағал жабындарына басымдық беріледі. Бұл жабын түрі ұзақ мерзімділігімен және климаттық әсерлерге төзімділігімен ерекшеленеді.

Құжатта транзиттік дәліздерді дамытуға ерекше назар аударылған. Негізгі жобалардың қатарында «Бейнеу - Сексеуіл», «Қызылорда - Сексеуіл», «Сексеуіл - Ұлғайсын» және «Жаңаөзен – Кендірлі – Темірбаба» бағыттары бар. Сонымен қатар орташа жөндеу көлемі ұлғайтылады: 2028 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымы жөндеумен қамтылады.

Негізгі бағыттардың бірі ретінде ұлттық автожол операторының қызметін дамыту көзделген. Бұл оның қаржылық тұрақтылығын арттыруға, инвестициялық әлеуетін кеңейтуге және жол активтерін басқарудың заманауи модельдерін енгізуге мүмкіндік береді.

Саланың технологиялық жаңғыртылуына да басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, отандық өндірістегі полимермен модификацияланған битумдарға көшу, сондай-ақ жобалық шешімдерді алдын ала сараптау және жобаларды іске асыру кезеңінде ғылыми-техникалық сүйемелдеуді енгізу қарастырылған.

Аталған бастамаларды ғылыми-техникалық тұрғыда қамтамасыз етуде «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) маңызды рөл атқарады. «ҚазжолҒЗИ» техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуге, цементбетон жабындарын қолдану бойынша зерттеулер жүргізуге, көлік жүктемелері мен климаттық факторларды талдауға, сондай-ақ жаңа технологиялар мен материалдарды енгізуді сүйемелдеуге қатысады.

Сонымен қатар жол инфрақұрылымын цифрлық шешімдермен біріктіру жоспарланған. Негізгі бағыттар бойында талшықты-оптикалық байланыс желілері дамытылып, 5G технологиялары енгізіледі. Бұл интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға негіз болады. Бұдан бөлек, көпфункционалды сервистік аймақтар құру және өткізу бекеттеріндегі инфрақұрылымды дамыту қарастырылған.

Жалпы, қабылданған шаралар жол желісінің сапасын арттыруға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге және көлік инфрақұрылымының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Социальные сети
komitettransporta
ҚР ИИДМ Көлік комитеті
Комитет транспорта МИИР РК
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты