Азаматтарды қабылдау орталығында Талғат Ластаев азаматтарды жеке қабылдады. Астана, Алматы қалаларының, Абай, Қостанай және Атырау облыстарының тұрғындары көлік саласына қатысты мәселелерді ортаға салды.
Азаматтар негізінен халықаралық автокөлік тасымалы, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған инватаксилердің қолжетімділігі мен тапшылығын жою, теміржол вокзалдары мен автомобиль жолдарын жөндеу кезінде полимерлі материалдарды пайдалану, сондай-ақ Мамырсу ауылының маңында жол айрығын салу мәселелерін қозғады. Мәселен, вице-министр 2025 жылдың 19 маусымында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді ерекше қажеттілігі бар азаматтарға инватакси қызметі жаңа стандарттар бойынша көрсетілетінін атап өтті. Қызмет көрсету талаптары кешкі және түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересектерге қызмет көрсету үшін кезекші инватаксилердің болуы туралы тармақшамен толықтырылды.
Басқа да өтініштердің барлығына Талғат Ластаев жан-жақты жауаптар мен түсініктеме берді.
Вице-министр халықпен ашық диалогтың маңыздылығына тоқталып, Көлік министрлігі қызмет көрсету сапасын арттырып және көлік қызметін пайдаланушыларға барынша қолайлы жағдай жасау үшін жұмысты жалғастыратынын атап өтті.
Ағымдағы жылдың 16 шілдесінде ҚР Көлік министрлігінде теңіз саласын дамыту бойынша ағымдағы жағдайды және жоспарларды қарау бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Темір жол және су көлігі комитетінің төрағасы Тайжанов Ж.Ж. төрағалық етті. Іс-шараға Порттардың теңіз әкімшілігі, Теңіз навигациялық орталығы, «Қазақстан темір жолы» және «Қазмортрансфлот» ұлттық тасымалдаушылары, Ақтау және Құрық теңіз порттары, сондай-ақ өзге де қатысы бар ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Ақтау теңіз портының (Д. Құтпанбаев), Құрық портының (Б. Әлібеков), «Кедентранссервис» компаниясының (Қ. Аманжолов), «KTZ Express» АҚ-ның (А. Қапар), Ақтау теңіз солтүстік терминалының (А. Билиджи), «Kaspi Grain Way» компаниясының (Е. Әбдіреев), Теңіз навигациялық орталығының (В. Евдокимов), Порттардың теңіз әкімшілігінің (А. Тенізбаев) және басқа да ұйымдардың басшылығының есептері тыңдалды.
Ж. Тайжанов теңіз көлігі саласын дамыту бөлігінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы орындаудың маңыздылығын мәлімдеді.
Кеңес барысында Ақтау портының өндірістік көрсеткіштерінде, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік маршруты, оның ішінде контейнерлік тасымалдар бойынша 2025 жылдың алғашқы 6 айының қорытындыларына сәйкес жүк тасымалдау көлемінде оң динамика байқалғаны атап өтілді.
2025 жылдың алғашқы 6 айында теңіз порттары арқылы жүктердің ауыстырып тиеу көлемі 4,5 млн. тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 %-ға артқанын көрсетеді
Сондай-ақ, 2024 жылы ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде бекітілген теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысы жеке қаралды.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Ж. Тайжанов саланы одан әрі дамыту жұмыстарын күшейту шеңберінде бірқатар тапсырмалар берді.
2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда көліктің барлық түрімен 928 миллион жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артық.
Автомобиль және қалаішілік тасымал түрлері кезекті рет тұрақты түрде ең көп сұранысқа ие. 2025 жылы автобустар, таксилер, маршруткалар мен троллейбустар арқылы 911,1 миллион жолаушы тасымалданған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10,7%-ға көп.
Әуе көлігімен 7,2 миллион жолаушы ұшқан — бұл 6,1% өсімді құрайды.
Теміржол көлігімен 9,5 миллион жолаушы қатынаған.
Жүк тасымалдау көлемі де шамамен 11%-ға өсті. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 550,8 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10,9%-ға артық.
Негізінен астық, көмір, түсті және қара металлдар, құрылыс материалдары, мұнай өнімдері және басқа да жүктің түрлері тасымалданды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары –Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ауғанстанға жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы теміржолды салу және пайдалану бойынша негізгі қағидаттар туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Делегация құрамында ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров бар екенін атап өтеміз.
Құжаттың негізгі мақсаты Ауғанстан аумағы бойынша екі кезеңде теміржол желісін, сондай-ақ Ауғанстан аумағындағы көлік-логистикалық орталықты салумен «Тургунди-Герат-Кандагар-Спин-Болдак» жобасын іске асыру.
Бірінші кезеңде «Тургунди – Герат» учаскесінде теміржол желісін және қажетті инфрақұрылымды, сондай-ақ Герат қаласындағы көлік-логистикалық орталықты салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жол жобаларында техногенді-минералды түзілімдерді қолдану көлемін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті.
Жоспар аясында техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ), яғни тау-кен өндіру, тау-кен-қайта өңдеу және энергетикалық өндірістердің пайдалы құрауыштары және пайдалы қазбалары бар қалдықтарының шоғырын жол құрылысына пайдалану бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру көзделген.
Сарапшылардың айтуынша, қайта өңделген техногенді шикізатты қолдану инфрақұрылымдық жобалардың құнын төмендетіп қана қоймай, қоршаған ортаға экологиялық жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
«Қайта өңделген қалдықтарды жол салу және жөндеу жұмыстарына тиімді қолдануға болады. Мұндай материалдар сапасы жағынан дәстүрлі материалдардан кем түспейді. Бұл – бәріне тиімді шешім: мемлекет шығынды азайтады, кәсіпорындар қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешеді, ал қоршаған орта тазарады», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Ғалымдар жоспардың тиімді іске асуы үшін қайта өңделген материалдарды қолдану бойынша тиісті талаптарды заңнамада бекіту қажет екенін алға тартады. Сонымен қатар, қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылады.
Қазіргі уақытта өңірлерде өндірістік шикізатты ғылыми зерттеу жұмыстары басталды. Мысалы, Павлодар және Қарағанды облыстарында өндірістік қалдықтарды жол салу саласында пайдалану мүмкіндігін кешенді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылатын материалдардың тізімі жасақталып, оларды жол-құрылыс материалдарының Бірыңғай базасына енгізу көзделуде.
Айта кету керек, өндірістік қалдықтарды құрылыс саласында қайта өңдеп қолдану әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тиімді тәсіл. Ол бір уақытта бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: табиғи ресурстарды үнемдеу, құрылыс шығындарын азайту, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету және қалдықтарды қайта өңдеу нарығын дамыту.
ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстерді ұлғайту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
Мәселен, ағымдағы жылдың 10 тамызынан бастап "SCAT" қазақстандық әуе компаниясы Алматы-Минск жаңа халықаралық бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі және жексенбі) тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастайды.
Қазіргі уақытта Минскіге рейстерді Астана қаласынан Беларусь «Белавиа» әуе компаниясы аптасына 4 рейс жиілігімен орындайды.
Осылайша, Қазақстан мен Беларусь арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерінің жалпы саны аптасына 6 рейске дейін артады.
Әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы туристік, сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстан Республикасына алғаш рет іс-сапармен келді.
Бүгін көлік министрлігі ғимаратында ведомство басшысы ИКАО кеңесінің президентімен кездесті. Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және жолаушылар ағынын арттыру, авиациялық отын (ACT-SAF) және басқа да мәселелер қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) арасындағы бірлескен декларация, сондай-ақ азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамытуға арналған бас жоспар (CAMP) бар. Бас жоспарға сәйкес 2026-2050 жылдар аралығында саланы дамыту мәселелерінде Қазақстанға қолдау көрсету көзделген. Қазақстан Орталық Азия мен ТМД елдері арасында саланы одан әрі жетілдіру үшін дәл осындай құжатқа қол қойған алғашқы мемлекет.
Сальваторе Шаккитано Қазақстанның азаматтық авиация саласын дамытудағы қадамдарын, оның ішінде реформаларды, Көлік министрлігінің жұмысын, аймақтық Еуропа және Солтүстік Атлантикалық Бюромен (EUR/NAT) өзара іс-қимылды, сондай-ақ ИКАО ұсынған стандарттар мен тәжірибені қолдану деңгейін жоғары бағалады. Соңғы 15 жылда Қазақстанның ИКАО стандарттарына сәйкестік көрсеткіші 47%-дан 82%-ға дейін өсті. Бұл қазақстандық әуе компаниялардың Еуропалық Одақ елдеріне емін-еркін ұшуына жол ашып, қандай да бір шектеулерді алып тастауға мүмкіндік бергені атап өтілді. Ендігі мақсат – Ұйым стандарттарына 90% сәйкес болу. Сонымен қатар, гендерлік саясат бойынша, «Ашық аспан» режимін енгізу және көмірқышқыл газының (СО2) ауаға таралуын азайту жөніндегі Ұлттық жоспарды жүзеге асыруда табысты жұмыстар атап өтілді.
Тараптар байланысты жоғары деңгейде және оң динамикада жалғастыруға келісті.
➤ Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Өткен жылдан бері Монреаль қаласында Қазақстан Республикасының ICAO жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңсесі жұмыс істей бастады.
➤ Халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын жолға қойды. Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр.
➤ Қазақстан Президенті былтыр Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар пайдалануға берілгенін айтты. Соның ішінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есе, яғни, жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды.
➤ Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылатын азаматтық авиация бас жоспарының маңызына тоқталды. Аталған құжат авиация секторын ұзақмерзімді дамыту стратегиясы ретінде қарастырылады.
➤ Өз кезегінде ICAO кеңесінің президенті еліміздің азаматтық авиация саласындағы жетістіктерімен құттықтады. Ол Қазақстанда авиация қарқынды дамып, орнықты өсім көрсетіп отырғанына және нақты құрылымы жасақталғанына назар аударды.
«Автомобиль жолдары туралы» заңға өзгеріс енгізілді.
Негізгі өзгерістердің бірі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, құжат жол құрылысына арналған материалдар мен жаңа технологиялардың https://rcmbase.qazjolgzi.kz бірыңғай базасының қызметін заңнамалық деңгейде бекітеді.
Цифрлық платформа жолдарды салу және жөндеу үшін қажет барлық ақпарат пен материалдардан құралды. Базада сынақтан өткен, сапасы мен қолдану саласы құжаттармен расталған жаңа материалдар мен технологиялар туралы деректер, карьерлер, асфальтбетон зауыттары, жол-құрылыс техникасы, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдары жөніндегі мәліметтер қамтылған. Платформа ірі компанияларға да, шағын және орта бизнес өкілдеріне де қолжетімді.
Бұл базаның басты артықшылығы – ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігінде. Бұл жол жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыруды жеңілдетіп, олардың орындалу мерзімін қысқартады әрі сапасыз құрылыс тәуекелдерін азайтады.
Сонымен қатар, заңда жол саласы мамандарының біліктілігін міндетті түрде арттыру талаптары енгізілді.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді Қазақстандағы жол саласы қызметкерлері міндетті түрде біліктілігін арттырып отырады. Бұл мамандардың білім мен дағдыларын заманауи стандарттарға сәйкестендіріп, жалпы кәсіби дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл тетіктерді енгізу саланың дамуына оң әсер етеді, озық технологияларды енгізуге жол ашады, сондай-ақ автомобиль жолдарын жобалау, салу және күтіп-ұстау сапасын жақсартады.
Жол саласы мамандарының біліктілігін арттыру қағидаларын «ҚазжолҒЗИ» АҚ әзірлеп жатыр.
Кездесу барысында еліміздің көлік-транзит әлеуетін одан әрі арттыру шаралары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалын ұлғайту үшін автомобиль жолдары мен авиахабтар желісін белсенді дамыту маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар теміржол саласындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді.
Көлік-логистика секторының ІЖӨ-дегі үлесін ұлғайту мақсатында министрге кедергі келтіретін факторларды сараптап, саланы дамыту тәсілдерін қайта қарау міндеті жүктелді.
Мемлекет басшысы көлік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның Еуразиядағы негізгі сауда-логистика торабы ретіндегі рөлін нығайту үшін жан-жақты әрі тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.