Тараз экотуризм бойынша халықаралық диалог алаңына айналды

Тараз экотуризм бойынша халықаралық диалог алаңына айналды

Тараз қаласында  халықаралық жабайы қызғалдақ фестивалі аясында «Қызғалдақ мұра» атты ғылыми конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Нидерланд, Түркия, Германия, Украина мемлекеттері ғылыми ұйымдарының мамандары мен ЮНЕСКО өкілдері қатысты.

Конференция барысында биологиялық алуантүрлілікті сақтау, экологиялық туризмді дамыту, Жамбыл облысы мен Орталық Азиядағы қызғалдақ популяцияларының жай-күйін бағалау, ботаникалық бақтардың рөлі, геопарктер құру және геотуризмді дамыту мәселелері бойынша ғылыми баяндамалар ұсынылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында туризм- өңірлерді дамытудың басты драйверіне айналуы қажет екенін айтып, республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың маңызын ерекше атап өтті. Президент тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында әр өңірде жыл сайын жергілікті ерекшелікті көрсететін және кең аудитория қызықтыратын кем дегенде бір ірі оқиға өткізуді ұсынған болатын. Бұл бастаманы алғаш болып Жамбыл облысы қолдады. Қызғалдақ фестивалі – табиғат, мәдениет және туризмді біріктіретін бірегей оқиға. Мұндай бастамалар Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырып, өңірге туристердің қызығушылығын арттыруға ықпал етеді», – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Конференция қорытындысында жабайы қызғалдақтарды сақтау бойынша ұсыныстар әзірленіп, Қаратау геопаркін құру туралы халықаралық хаттамаға қол қойылды.