
Алматыда Өзбекстанның туристік әлеуетін таныстыруға арналған ресми іс-шара өтті. Жиынға Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдарының, туристік әкімшіліктерінің, туроператорлары мен әуе компанияларының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында өңіраралық бағыттарды дамыту, мәдени және сауықтыру турларын ілгерілету, сондай-ақ екі елдің туристік ұйымдары арасындағы тікелей байланысты кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Орталық Азияны бірыңғай туристік бағыт ретінде бірлесіп дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
«Бүгінгі кездесу – тек тәжірибе алмасып, жаңа туристік мүмкіндіктермен танысу алаңы ғана емес. Бұл — Орталық Азияда бірыңғай туристік кеңістік қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бізді Ұлы Жібек жолы бойымен біріктіретін тарихи, мәдени және географиялық ортақ мұрамыз бар. Қазіргі таңда осы ұлы тарихты жаһандық туристік нарыққа бірлесе ілгерілету – басты міндеттердің бірі. Қазақстан мен Өзбекстанның ірі қалаларын байланыстыратын туристік пойыз осы бағыттағы табысты бастамаларымыздың жарқын мысалы. Бұл сапарды 500-ге жуық турист пайдаланған», — деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар туризм саласындағы серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ жаңа туристік өнімдер мен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді.