Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға өңірдің туризм және спорт саласының мамандары, спортшылар, жаттықтырушылар, жергілікті жоғары оқу орындарының өкілдері және туристік қоғамдастық өкілдері қатысты.
Кездесуде бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, ұлттық спорт түрлерін қолдау, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 873,6 мың адамды немесе халықтың 43,7%-ын құрайды. Спорттың 19 түрі бойынша 20 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін секциялармен қамтылған. Бұл бағытқа 3,3 млрд теңге бөлінді.
Өңірде 3 595 спорт нысаны жұмыс істейді. Жыл басынан бері 18 жаңа спорттық ғимарат пайдалануға беріліп, қазіргі уақытта тағы 40 нысанның құрылысы жүргізілуде. Түркістан қаласында «Ескек есу» арнасы мен заманауи ипподром пайдалануға берілді. Сонымен қатар инклюзивті спорт орталығын салу жоспарланып отыр.
Түркістан облысының туристік әлеуетін дамытуға да ерекше назар аударылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарында 205 мың ішкі туристке қызмет көрсетіліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44,3%-ға артты. Шетелдік туристер саны 11,3 мың адамға жетіп, 28,4%-ға өсті. Ал 8 айда туризм саласына 76,3 млрд теңге инвестиция тартылды.
Өңірде «Khantau» демалыс аймағы, «Түркістан» экопаркі сияқты жобалар іске қосылды. Түркістан қаласында бірқатар қонақ үй және аквапарк жобалары жүзеге асырылуда. Экологиялық туризм бағытында да жұмыстар жүргізіліп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келушілер саны артып келеді.
Кездесу барысында тұрғындар спорт инфрақұрылымы, балалар спорты, ұлттық спорт, туристік нысандарды дамыту және саладағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Мирас Төлебаев тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берді. Кездесу ашық диалог форматында өтті.