Алакөлге ұйымдастырылған турлар бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті

Алакөлге ұйымдастырылған турлар бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті

2026 жылғы жазғы туристік маусымда қазақстандықтар үшін Алакөл көлінің жағалауында демалудың мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Курорттың қолжетімділігін арттыруға әуе қатынасының дамуы мен Астанадан тікелей рейстерді қамтитын қосымша туристік бағдарламалардың іске қосылуы оң әсер етуде.

Бүгінде туристер әуе билеті мен қонақ үйде тұруды қамтитын дайын туристік пакеттерді сатып ала алады. Бұл еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі саналатын Алакөлде демалуды бұрынғыдан да ыңғайлы әрі жайлы етеді.

Ұйымдастырылған туризмді дамыту – ішкі туризмнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай формат демалысты алдын ала жоспарлауға, қажетті туристік қызметтердің толық топтамасын алуға және сапалы демалыс өткізуге мүмкіндік береді.

Алакөл өзінің бірегей табиғатымен, қолайлы климатымен және көл суының емдік қасиеттерімен ерекшеленетін туристік бағыт ретінде сұранысын сақтап келеді. Жыл сайын мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген мың демалушы келеді.

Алакөл жағалауында инженерлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, аумақтарды абаттандыру, жағалауды нығайту және туристер үшін қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жұмыстар 2026-2029 жылдарға арналған курортты өңірлерді дамыту жөніндегі Жол картасы аясында қолға алынған.

Сонымен қатар туристік бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Әуе қатынасының кеңеюі және әуе тасымалдарын қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралардың арқасында Қазақстан бойынша саяхаттау азаматтар үшін барған сайын ыңғайлы әрі қолжетімді бола түсуде.